Ал қоқысқа тасталатын киім көлемі одан да көп – полигондарға жыл сайын 120 мың тоннадай тоқыма қалдығы жөнелтіледі. Бұл шамамен 6 мың жүк көлігіне тең, деп жазады qazaqstan.tv.
Эколог Айдана Қыдырова киім өндірісінің қоршаған ортаға тигізер зияны орасан екенін айтады. Оның сөзінше, бір ғана футболканы тігуге 1000 литрден астам су жұмсалады. Ал шектен тыс тұтыну экологиялық мәселелерді ушықтырып отыр.
Ескі киімді қоқысқа тастамай, қайта өңдеуге өткізуге болады. Тек Астананың өзінде 150 қабылдау пункті бар. Кәсіпкер Дәулет Керейбаевтың айтуынша, тұрғындар күніне шамамен 3 тонна киім тапсырады. Қабылдау талаптары қарапайым: киім таза әрі жыртық болмауы керек. Жиналған бұйымдардың 90 пайызы қайырымдылыққа жіберілсе, 10 пайызы секонд-хэнд дүкендерінде сатылады.
Дизайнерлер Татьяна мен Имберген Имбергеновтер де ескі матадан жаңа киім тігуді қолға алған. Экобелсенді жұп айына кемінде 70 дана өнім сатады. Олар киім өндірісінің зияны пластиктен де асып түсетінін айтып, жаңа мата қолданудан бас тартқан.
Мамандар қоршаған ортаға зиянды азайту үшін жылына 10 жаңа киімнен артық алмауға кеңес береді. Ал ескіргенін арнайы постоматтарға өткізуге болады. Осылайша гардеробты жаңартып қана қоймай, табиғатты да қорғауға үлес қосуға болады.