Бұл – мегаполисте онкологиялық көмекті ұйымдастыру жүйесін жетілдіруге бағытталған жаңа құрылым.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, орталық құру – қаланың онкологиялық қызметін кезең-кезеңімен жаңарту аясындағы маңызды шешім. Негізгі мақсат — ерте диагностиканы күшейту, медициналық көмекті үйлестіру.
"Жаңа құрылым клиникалық қызметті де, ұйымдастырушылық-әдістемелік жұмысты да біріктіреді. Мұнда қатерлі ісікке күдік бар науқастарға және диспансерлік есепте тұрған азаматтарға консультациялық-диагностикалық көмек көрсетіледі. Басымдық ерте анықтауға, нақты диагноз қоюға және пациенттерді мамандандырылған емге жедел жолдауға беріледі", - делінген хабарламада.
Орталық мультидисциплинарлық қағидамен жұмыс істейді: күрделі жағдай онкологтар, хирургтер, радиологтар, химиотерапевтер және басқа да бейінді мамандардың қатысуымен талқыланады.
Бұл тәсіл әр науқасқа жеке ем тактикасын айқындауға және клиникалық шешімдердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар орталық алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарымен өзара байланысты күшейтіп, онкологиялық науқастарды емдеудің бірыңғай стандарттарын енгізеді.
Диагностикалық база заманауи жабдықтармен жарақтандырылған. Орталықта трепан-биопсия жүйелері, эндоскопиялық кешендер, сараптамалық деңгейдегі УДЗ және маммография аппараттары, сондай-ақ компьютерлік және магниттік-резонанстық томография құрылғылары бар. Бұдан бөлек, иммуногистохимиялық және молекулалық-генетикалық зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беретін бейнеморфология жүйесі енгізілген. Бұл диагнозды дәл нақтылап, жеке ем тәсілін таңдауға жол ашады.
Орталықтың тағы бір бағыты — қаладағы медициналық ұйымдарға әдістемелік қолдау көрсету және елімізде онкологиялық қызметті дамытудың кешенді жоспары аясындағы көрсеткіштерді талдау. Мұнда МСАК дәрігерлерін оқыту, көшпелі семинарлар өткізу және тұрғындарға арналған ашық есік күндерін ұйымдастыру көзделген. Бұл онкологиялық сақтық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Құзырет орталығының ашылуы қалалық денсаулық сақтау жүйесінің әлеуетін арттырып, онкологиялық көмекті үйлестіруді жаңа деңгейге көтереді. Бірыңғай стандарттар мен заманауи технология енгізу қатерлі ісіктерді ерте анықтау көрсеткішін жақсартып, ем нәтижесін арттыруға мүмкіндік бермек.