Жыл басынан бері аталған мекемеде жаппай төбелеспен ұласқан екі өрескел бұзақылық дерегі тіркелген.
Сондай-ақ түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың болуына байланысты заң бұзушылықтар анықталды.
Жиналған материалдар сотқа жолданып, қарау нәтижесінде бардың қызметін тоқтату туралы шешім қабылданды.
Алматы қаласы полиция департаменті бостандық аудандық полиция басқармасының бастығы Дидар Аханов бұл бағыттағы жұмыс жалғасатынын атап өтті.
"Құқық бұзушылықтар жүйелі түрде тіркелетін мекемелерге қатысты біз принципті ұстанымдамыз. Егер әкімшілік келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етпей, заң талаптарын елемейтін болса, қызметін тоқтатуға дейін қатаң шаралар қабылданады. Біздің міндет – құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қорғау", – деді ол.
Полиция мәліметінше, іс-шаралар аудан прокуратурасының үйлестіруімен жүргізілді. Бұған дейін құқық бұзушылықтар тіркелген ойын-сауық орындарына бақылау күшейтілді. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары Алматы қаласы полиция департаментінің тұрақты бақылауында.