Үкіметтің баспасөз қызметі 2026 жылғы 6 наурызда мәлім еткендей, ВАК отырысы Үкіметте Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өтті.
Сиыр етін экспорттаушыларға квота беру талабы жеңілдетіледі
Квота бөлудің қолданыстағы тетігі кемінде 5 мың басқа арналған жеке бордақылау алаңы мен өзінің ет комбинатының болуы секілді бірқатар талапты көздейді. Шешім қабылдау кезінде ВАК-қа қатысушылар Үкімет бекіткен Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын да назарға алды.
Құжат ірі қара мал санын 7,9 млн-нан 12 млн басқа арттыруды, сондай-ақ экспорттық әлеуетті нығайтуды және қазақстандық сиыр етін өткізудің жаңа нарығын ашуды көздейді. Ауыл шаруашылығы министрлігі квота бөлудің қолданыстағы ережесіне тиісті өзгеріс енгізеді.
Сонымен қатар аналық мал басын сақтау және отандық қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстаннан ірі қара мен ұсақ малдың аналық басын, сондай-ақ ІҚМ бұқашықтарын, оның ішінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге әкетуге тыйым салуды ұзарту туралы шешім қабылданды.
Алты айға дейін тауық жұмыртқасын ЕАЭО елдерінен импорттауға тыйым салынады
Қазіргі уақытта Қазақстанда 70 құс фабрикасы жұмыс істейді. Оның 34-і жұмыртқа, 29-ы ет, 7-еуі асыл тұқым өндіреді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша тауық жұмыртқасының өндірісі 2,4%-ға, 4 568,5 млн данаға артқан. Ішкі нарықтағы отандық өндіріс 98%-ды құрады. Тиісті бұйрықты Ауыл шаруашылығы министрлігі қабылдайды.
Сондай-ақ жиында темір жол жылжымалы құрамы мен темір жол төсемінің элементтері үшін құрамдас бөліктерді үшінші елдерден импорттауға тыйым салуды енгізудің орындылығы туралы мәселе қаралды. Талқылау барысында отандық жиынтықтаушы өндірушілердің, локомотив өндірушілер мен тұтынушылардың, оның ішінде "ҚТЖ" АҚ-ның ұстанымдары тыңдалды.
Талқылау қорытындысы бойынша импортқа шектеулер енгізудің орынсыз екені туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар "Қазақстан темір жолы" АҚ-ға теміржол жылжымалы құрамына арналған қосалқы бөлшектер мен теміржол төсемі элементтерін сатып алу кезінде отандық өндірушілерге басымдық беруді қамтамасыз ету тапсырылды.