Оның айтуынша, бұл талаптардың барлығы қолданыстағы Конституцияда нақты көрсетілген.
"Конституция нормасына сәйкес, референдумға сайлаушылар тізіміне енгізілген азаматтардың 50 пайыздан астамы қатысуы тиіс. Сонымен қатар, әңгіме Конституция мәтіні туралы болғандықтан, қосымша талап та бар: елдің кемінде үштен екі өңірінде сайлаушылардың қатысуы 50 пайыздан жоғары болуы керек", – деді Әбдіров.
Сондай-ақ оның сөзінше, дауыс беруге қатысқан азаматтардың 50 пайыздан астамы ұсынылған өзгерістерді қолдауы тиіс.
"Егер бұл талаптар орындалмаса, онда референдум өтпеді деп есептеледі және халық ұсынылған өзгерістерді қолдамады деген қорытынды жасалады. Ең алдымен дауыс беруге сайлаушылардың 50 пайыздан астамы келуі керек. Одан кейін келгендердің 50 пайыздан астамы "қолдаймын" деп дауыс беруі тиіс", – деп қосты ол.
Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрлігі референдумға үгіт жүргізу кезінде анықталған заң бұзушылықтар туралы хабарлаған болатын.