Журналистердің жаңа қызмет туралы және мұндай институт бұрын Қазақстанда болған-болмағаны жөніндегі сұрағына жауап берген Имашева бұл лауазым жақында Президенттің бастамасымен енгізілгенін айтты.
"Қасым-Жомарт Тоқаев 7 наурыз күні қазақстандық әйелдерді мерекемен құттықтаған кезде осы қызметті енгізу қажеттігін айтты. Бұған дейін Қазақстанда мұндай лауазым болған жоқ. Бұл – отбасының құқықтарын қорғайтын институт. Омбудсменнің негізгі міндеті – мемлекет отбасыға беретін қауіпсіздік, әлеуметтік әл-ауқат және басқа да кепілдіктердің орындалуын қамтамасыз ету", – деді Имашева.
Парламенттегі мандатына қатысты сұраққа жауап берген ол депутаттық мандат өзінде қалатынын айтты. Оның сөзінше, бұл қызметті қоғамдық міндет ретінде қабылдайды және өз жұмысын жалғастырып, мемлекет басшысына мерзімді түрде есеп беріп отырады.
Сондай-ақ ол әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға арналған заңдардың іс жүзінде қалай жұмыс істейтіні туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, жалпы алғанда бұл заңдар тиімді жүзеге асырылып жатыр. Мысал ретінде ол 2024 жылы қабылданған әйелдердің құқықтарын қамтамасыз ету және балалардың қауіпсіздігін қорғау туралы заңды, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы заңды атады.
Имашеваның айтуынша, 2024 жылы заңнамаға өзгеріс енгізіліп, ұрып-соғу мен денсаулыққа жеңіл зиян келтіру әрекеттері қайтадан қылмыстық жауапкершілікке жатқызылған.
"Мысалы, осы өзгерістен кейін отбасындағы аса ауыр қылмыстар саны азайды. Сонымен қатар әр аудан мен облыста отбасын қолдау орталықтары ашылды. Олар қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға дағдарыстан шығуға көмектесуге бағытталған. Жалпы алғанда заң жұмыс істеп жатыр. Дегенмен оны әрі қарай жетілдіру қажет болуы мүмкін. Бізде заңдар жақсы жазылған, бірақ бұл – жұмыстың бір бөлігі ғана. Екінші бөлігі – олардың орындалуы. Ол үшін ресурстар, кадрлар, білім және басқа да мүмкіндіктер қажет", – деді отбасы құқықтары жөніндегі уәкіл.
Сонымен қатар ол сталкинг мәселесі ұзақ уақыт талқыланғанын айтып, ақырында бұл ұғымды заңнамада бекіту туралы шешім қабылданғанын жеткізді. Оның сөзінше, мұндай істер қазірдің өзінде соттарда қаралып жатыр. Бұл норманың енгізілуі адамдарды қудалау жағдайларының тек өмірде ғана емес, әлеуметтік желілерде де жиі кездесуімен байланысты.
"Сталкинг Қазақстанда қылмыстық құқық бұзушылық болып саналады және айыппұлмен жазаланады. Алайда жаза көбіне келтірілген зиянның көлеміне байланысты болады. Өйткені сталкинг әрдайым физикалық зиян келтірумен немесе денсаулыққа тікелей қауіп төндірумен байланысты бола бермейді. Сондықтан ол аса ауыр қылмыстар қатарына жатпайды және ауыр салдар болмаса, қатаң қылмыстық жаза қарастырылмаған. Дегенмен құқық қолдану тәжірибесі қалыптасқаннан кейін бұл құқық бұзушылықты неғұрлым ауыр санатқа ауыстыру қажет пе, жоқ па – соны бағалауға болады", – деді ол.
Бұған дейін 2026 жылдың екінші тоқсанына бірқатар тауарларға ең төменгі баға деңгейі белгіленгенін жазғанбыз.