"Диапазон" басылымының мәліметінше, жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктінің ізіне түскен.
Тергеу мүддесіне байланысты оның жеке деректері, соның ішінде жасы мен тұрғылықты жері әзірше жария етілмейді. Белгілісі – күдікті ұсталған.
"Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті мен марқұм бірге спирттік ішімдік ішкен. Араларында жанжал туындап, күдікті ер адамға бірнеше рет пышақ жарақатын салған. Қазіргі таңда ол қамауға алынды, қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп жатыр", – деп хабарлады полиция.
Өткен аптада Ақтөбе тұрғындарын шошытқан сұмдық оқиға болған еді: қоқыс жәшігінен ішінде ер адамның мәйіті бар сөмке табылған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, күдік тудырған баул бірнеше күн бойы қоқыс арасында жатып, қолқаны қабатын жағымсыз иіс шығарған.
Сол кезде полицейлер сөмкенің ішінен 55 жастағы ер адамның мәйіті табылғанын мәлімдеген болатын.