Атырау көшелерін мерекелік көңіл-күй кернеп, ұлттық нақышқа сай киінген тұрғындар Сұлтан Бейбарыс даңғылынан Исатай мен Махамбет атындағы алаңға дейін жүріп өтті.
Сурет: Атырау облысының әкімдігі
"Бұл шеруді елдің басқа да өңірлеріне насихаттау мақсатында ұйымдастырдық. Оған қала тұрғындары мен қонақтары, мемлекеттік қызметшілер, түрлі компания өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты", – деді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ердос Әбдісаттаров.
Сурет: Атырау облысының әкімдігі
Мерекелік шеруге 5 мыңға жуық атыраулық қатысып, қазақ халқының салт-дәстүріне, мәдениеті мен бай мұрасына деген құрметін білдірді.
"Ұлттық киімдер шеруіне отбасымызбен бірге келдік. Балалар қазақы бояуды сезінсе екен дедім. Жас ұрпақтың санасына өзіміздің салт-дәстүріміз арқылы ұлттық құндылықтарымызды сіңіруіміз керек. Ол — біздің міндетіміз",- дейді қала тұрғыны Альбина Жүнісова.
Сурет: Атырау облысының әкімдігі
"Осындай іс-шаралардың халықты жылдан-жылға біріктіре түсетіні қуантады. Өшкеніміз қайта жаңғырып келе жатқанын мақтан етеміз. Елімізде лайым бейбітшілік пен келісім болсын", – дейді қала тұрғыны Гүлсім Жақсылықова.
Сурет: Атырау облысының әкімдігі
Мерекелік шерудің нүктесі Исатай мен Махамбет атындағы алаңда қойылып, онда жергілікті өнерпаздар мен қазақстандық эстрада жұлдыздарының концерті өтті. Айта кетейік, мұндай шеру Атырауда осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр.