Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бұл құжат Алатау қаласының жедел әрі тұрақты дамуына жағдай жасау үшін әзірленгенін айтты.
"Жаңа Конституцияда жекелеген өңірлердің экономикалық дамуын жеделдету үшін "жедел дамушы қала" арнайы құқықтық режимін енгізу қарастырылған. Осыған байланысты Алатау жеке экожүйе ретінде қарастырылады. Ол дербес қаржылық модельге, арнайы басқару режиміне және жаңа институционалдық негізге сүйенеді. Заң жобасын әзірлеуге халықаралық жетекші консалтингтік компаниялар тартылған. Сарапшылар арнайы экономикалық және әкімшілік аймақтар негізінде дамыған қалалардың тәжірибесін зерттеген. Атап айтқанда, Қытайдағы Шэньчжэнь мен Хайнань, Оңтүстік Кореядағы Седжон мен Сонгдо, сондай-ақ Сингапур, Дубай және Доха қалаларының тәжірибесі қарастырылған". Қанат Бозымбаев
Алатауда арнайы әкімшілік және салықтық режимдер енгізу, инвесторларға жеңілдіктер беру және инвестициялық қолдау бойынша дербестік қарастырылып отыр. Бұл әсіресе Қазақстанда әлі толық дамымаған жаңа салалар үшін маңызды.
"Төмен биіктіктегі экономика" бағыты аясында 3 мың метрге дейінгі әуе кеңістігін пайдалану мүмкіндіктері қарастырылуда. Дубайдағы арнайы экономикалық аймақтардың тәжірибесі бойынша мемлекеттік қызметтерді "бір терезе" қағидатымен көрсету, бизнес лицензияларын беру жүйесі енгізіледі. Ал Сингапур тәжірибесі ұзақ мерзімді (50 жылға дейін) стратегиялық жоспарлаудың маңызын көрсетеді. Инвесторлар үшін тұрақты әрі түсінікті ережелер қажет, сондықтан мұндай құжаттар кемінде 5–10 жыл бойы өзгеріссіз сақталуы тиіс",- деді Бозымбаев.
Қазіргі уақытта жалпы құны 1,8 трлн теңгені құрайтын 44 инвестициялық жоба қалыптастырылған. Бұл шамамен 30 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
"Бұл жобалар қаланы ғылым, туризм, медицина және инновациялар орталығына айналдыруға негіз болады. Олардың қатарында Mars, PepsiCo Central Asia, Hyundai Green Food сияқты ірі халықаралық компаниялар, G-TRANS және Integrity Logistics индустриялық-логистикалық хабтары, сондай-ақ ASP Arena мен K-Park әлеуметтік жобалары бар. Сонымен бірге Iconic Complex көпфункционалды кешені, кореялық жоғары технологиялық KAIST университетінің жобалары және ұшқышсыз ұшу аппараттарын енгізу жоспарланған". Қанат Бозымбаев
Сондай-ақ 2030 жылға дейін қаланы инфрақұрылыммен кезең-кезеңімен қамтамасыз ету жоспары бекітілді. Халықаралық сарапшылардың болжамынша, барлық жоспарлар жүзеге асса, 2050 жылға қарай қаланың жалпы өңірлік өнімі 50 млрд долларға жетуі мүмкін.
"Алатауда кәсіпкерлікке қатысты барлық саланы қамтитын арнайы құқықтық режим енгізіледі. Қала жаңа басқару және технологиялық шешімдерді сынақтан өткізетін заманауи алаңға айналады. Мұнда салықтық жеңілдіктермен қатар, бизнес реттеу, инвестиция тарту және инвестициялық дауларды шешу жүйесі толық қалыптастырылады. Табысты механизмдер кейін Қазақстанның басқа өңірлеріне де енгізілуі мүмкін. Халықаралық тәжірибеде мұндай жобалар "charter cities" деп аталады",- деді Бозымбаев.
Заң жобасында инвестициялық келісімдердің тұрақтылығы, арнайы құқықтық режимнің басымдығы және лицензиялаудың ерекше тәртібі бекітіледі. Сонымен қатар "бір терезе" қағидаты бойынша тәуелсіз реттеу жүйесі енгізіледі. Инвесторлар құқықтарын қорғау үшін Астана халықаралық қаржы орталығы немесе халықаралық арбитражға жүгіну мүмкіндігіне ие болады.
"Alatau City Authority қаланың республикалық бюджеттік бағдарламаларын дербес басқарады. Қала толық қаржылық дербестікке жеткенге дейін оның бюджет қаражатын басқа бюджеттерге алуға жол берілмейді. Қаланы дамыту "Digital by default" қағидатына негізделеді. Яғни барлық басқару процестері цифрлық форматта жүзеге асады. Сонымен қатар байланыс, цифрлық желілер, жасанды интеллект, роботтандырылған жүйелер, автономды көлік сияқты салаларда эксперименттік құқықтық режимдер енгізіледі. Alatau City Authority цифрлық платформасы арқылы резиденттерге барлық негізгі қызметтер, соның ішінде рұқсат беру рәсімдері ұсынылады және бұл жүйе мемлекеттік жүйелермен біріктіріледі". Қанат Бозымбаев
Сонымен қатар қалада цифрлық активтердің айналымын, оның ішінде криптобиржалар мен токенизацияны реттеу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл бағыт Ұлттық банк пен Қаржылық мониторинг агенттігімен келісім арқылы, қаржылық тұрақтылық қағидаларын сақтай отырып жүзеге асырылады.