Алматыда жасанды интеллект негізіндегі "ақылды" жылумен жабдықтау жүйесі енгізіледі

2026 жылы қалада жылу желілерінің тозу деңгейін 52,1%-ға дейін төмендету, жасанды интеллект элементтері бар "ақылды жылумен жабдықтау жүйесін" толық енгізу, сондай-ақ газ желілерін жаңғырту мен жаңа абоненттерді газ жүйесіне қосуды жалғастыру жоспарланып отыр., сурет - Zakon.kz жаңалық 15.05.2026 16:14 Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
2026 жылы қалада жылу желілерінің тозу деңгейін 52,1%-ға дейін төмендету, жасанды интеллект элементтері бар "ақылды жылумен жабдықтау жүйесін" толық енгізу, сондай-ақ газ желілерін жаңғырту мен жаңа абоненттерді газ жүйесіне қосуды жалғастыру жоспарланып отыр.

Бұл туралы Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қалалық Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Нұрбақыт Серікбай мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, жөндеу маусымындағы басты міндеттердің бірі жылумен жабдықтау жүйесін жаңғырту. Алматыдағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы шамамен 1410 шақырым. 2025 жылы қалада 39 шақырым жылу желісі қайта жаңғыртылса, 2026 жылы бұл жұмыстар бірнеше бағыт бойынша жалғасады.

"Биыл "АлЖЖ" ЖШС жалпы ұзындығы 7,4 шақырым болатын 20 нысанды қайта жаңғыртуды, сондай-ақ қосымша 10,5 шақырым желіге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, Энергетика басқармасы арқылы тағы 2 шақырым жылу трассасы жаңартылады. Жалпы алғанда, 2026 жылы қала бойынша шамамен 20 шақырым жылу желісі қайта жаңғыртылады. Басты мақсатымыз — желілердің тозуын кезең-кезеңімен азайтып, жылумен қамту жүйесінің сенімділігін арттыру", — деді Нұрбақыт Серікбай.

Сонымен қатар Алматыда коммуналдық инфрақұрылымды цифрландыру жұмыстары жалғасып отыр. Жылумен жабдықтау сапасы мен сенімділігін арттыру үшін қалада SCADA және ЛЭРС жүйелері енгізілуде. SCADA жүйесі АЛЭС нысандары мен сорғы станцияларын қашықтан бақылауға, ақауларды жедел анықтауға және апаттарға әрекет ету уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Ал ЛЭРС жүйесі есептеу құралдарынан деректерді автоматты түрде жинауды қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда ЛЭРС жүйесіне 13 768 есептеу құралы қосылған. Бұл тұрғын үй секторының 98,7%-ын және бюджеттік ұйымдардың 95%-ын қамтиды.

"Коммуналдық саланы цифрландыру инфрақұрылымды басқарудың жаңа деңгейіне көшуге мүмкіндік береді. SCADA және ЛЭРС жүйелері арқылы жабдықтардың жұмысын нақты уақыт режимінде бақылап, апатты жағдайға жылдам әрекет етіп, ресурс шығынын азайта аламыз. Бұл халыққа көрсетілетін қызмет сапасына да, жалпы жылумен жабдықтау жүйесінің тиімділігіне де тікелей әсер етеді", — деді басқарма басшысы.

Алматыда "ақылды жылумен жабдықтау жүйесін" енгізуге ерекше мән беріліп отыр. Жобаны 2026 жылы желтоқсанға дейін толық аяқтау жоспарланған. Жаңа жүйе жасанды интеллект көмегімен онлайн деректерді талдау негізінде жұмыс істейді.

Нұрбақыт Серікбайдың айтуынша, бұл технология желідегі шығынды жедел анықтап, зақымдалған учаскелерді қашықтан ажыратуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде су мен жылу шығыны азайып, апаттарға әрекет ету уақыты қысқарады.

Сонымен қатар Алматыда газ инфрақұрылымын жаңғырту жалғасуда. Алматы өндірістік филиалы бүгінде 4 855,7 шақырым газ құбырларына қызмет көрсетеді, ал желілердің тозу деңгейі 35,9%. 2026 жылы 13,5 шақырым газ құбырын, 10 шкафтық газ реттеу пунктін және 16 электрохимиялық қорғаныс құрылғысын қайта жаңғырту жоспарланған.

Газбен жабдықтау қауіпсіздігін тәулік бойы жұмыс істейтін "104" авариялық-диспетчерлік қызметі қамтамасыз етеді. Қызмет өтінім қабылдап, апатты жедел жою үшін қажетті құралдармен жабдықталған көшпелі бригадалардың жұмысын үйлестіреді.

"Біз қаладағы газбен жабдықтау жүйесін қарқынды дамытып келеміз. Тек 2025 жылдың өзінде 13,5 мыңнан астам техникалық шарт беріліп, шамамен 11,8 мың жаңа абонент қосылды. Ал 2026 жылдың басынан бері 3738 техникалық шарт беріліп, 2613 абонент қосылды. Жеке секторды газдандыру тұрғындардың жайлылығын арттырып қана қоймай, Алматының экологиялық жағдайын жақсартуға да маңызды үлес қосады", — деді Нұрбақыт Серікбай.
Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: