Оның айтуынша, Алатау офшорлық аймақ болмайды.
"Офшорлық аймақ деген – салықтары өте төмен, компания тіркеп, аз ғана төлем жасап, әлемнің басқа жерлерінде еркін сауда операцияларын жүргізетін орын. Алатау қаласы ондай аймақ болмайды. Бізде жеңілдіктер тек осы қала аумағында нақты қызметін жүзеге асыратын компанияларға ғана беріледі. Барлық преференциялар қала әкімшілігі беретін бизнес-лицензияларда нақты көрсетіледі. Онда бір жағынан жеңілдіктер болса, екінші жағынан инвестордың міндеттері белгіленеді: қанша жұмыс орны ашылады, қанша салық төленеді, нысанды салу мен іске қосу мерзімі қандай болады – зауыт па, фабрика ма, әлде әлеуметтік нысан ба - бәрі нақтыланады", – деді Бозымбаев.
Сондай-ақ оның айтуынша, барлық жеңілдіктер мен міндеттемелер ашық ақпараттық жүйеде көрсетіледі.
"Бұл жүйе кез келген инвестор үшін ашық болады. Онда олардың қандай міндет алғаны және оны қалай орындап жатқаны толық көрінеді. Кез келген Қазақстан азаматы бұл ақпаратты еркін қарап, жағдаймен таныса алады. Сонда бәрі ашық болады – біреуге ерекше артықшылық берілді ме, жоқ па, бәрі көрініп тұрады. Біздің инвесторлар да, шетелдік инвесторлар да – бәрі маңызды", – деп қосты вице-премьер.
Бұған дейін Алатау қаласын Сингапур мен Дубай тәжірибесі негізінде дамыту жоспарлануда екенін жазғанбыз.