Мемлекет басшысы Түркістанның Қазақ хандығының саяси орталығының бірі екенін атап, өңірде ұлтымыздың тағдырын шешкен аса маңызды шешімдер қабылданғанын айтты:
"Ордабасы жерінде осыдан үш ғасыр бұрын ел болашағына айрықша әсер еткен үлкен Құрылтай өтті. Құрылтайда үш жүздің билері мен игі жақсылары түгел бас қосып, бір тудың астында жиналды. Ұлт бірлігінің арқасында батыр бабаларымыз Аңырақай шайқасында тарихи жеңіске жетіп, бүкіл сырт елдерге қазақ елі тұтастығының күшін паш етті. Осындай елдік пен ерлік дәстүрі ешқашан үзілген емес", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде қазіргі заманда да тарих жолын жалғастырып, елімізде төрелі жиындар мен маңызды басқосулар өткізіліп келе жатқанын атап өтті. Ол Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы кезінде алғаш рет "Адал азамат" тұжырымдамасын жариялағанын айтты.
Сонымен қатар, Президент мамыр айында Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымының шеңберінде тиісті мемлекеттердің басшыларын шақырған ең жоғары деңгейдегі халықаралық жиын жоспарланғанын жеткізді.
"Бұл – қазіргі әлемдегі құбылмалы ахуалда өткізілетін аса маңызды халықаралық шара. Үкімет пен әкімдік жиынды мінсіз ұйымдастыруға мән беруі керек", – деді мемлекет басшысы.