"Жақын арада осы орденді енгізу жөнінде Жарлыққа қол қоямын. Бұл жоғары марапат отандық және шетелдік ғалымдарға, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне беріледі. Орденнің мәртебесі жоғары болуы тиіс", – деді Мемлекет басшысы.
Президент атап өткендей, Ата заңда Қазақстан азаматтарының тарихи және мәдени мұраға қамқор болуға, ескерткіштерді сақтау мен қорғауға міндетті екені нақты жазылған. Бұл, әсіресе, тарихи жәдігері мол Түркістан халқы үшін маңызды жаңашылдық болып табылады.
"Бірегей болмысы мен төл мәдениетіне табан тіремеген ел дамудың даңғыл жолына түсе алмайды. Біз жаңа Ата заңды бағдар етіп ұстап, мемлекеттілігімізді одан әрі нығайта беруіміз керек", – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қожа Ахмет Ясауидің мұрасын кеңінен дәріптеудің маңыздылығын атап өтті. Әлемнің әр түкпірінде, әсіресе ірі мемлекеттерде танымал ету, жоғары сапалы туындылар мен фильмдер шығару, әр облыста зияткерлік мұраға арналған оқу бағдарламаларын ұйымдастыру қажеттігі айтылды.