Іс-шара Атырау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу кеңесі және "Ассамблея жастары" республикалық қоғамдық бірлестігінің бірлесуімен өткізілді.
Жарыс барысында қатысушылар қол күрес, асық ату, ләңгі тебу, гір тасын көтеру және арқан тарту сынды ұлттық және күштік спорт түрлері бойынша бақ сынасты. Шараның басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, спортқа деген қызығушылықты арттыру және зиянды әдеттердің алдын алу.
Жарысқа 70-тен астам қала тұрғыны қатысып, түрлі жас санатындағы жастар өз шеберліктерін көрсетті. Тартысты өткен дода нәтижесінде үздіктер анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Марапаттау рәсімінде полиция қызметкері қатысушыларды құттықтап, мұндай іс-шаралардың жастарды дұрыс бағытқа жетелейтін маңызды қадам екенін атап өтті. Оның айтуынша спорт арқылы жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, денсаулығын нығайтуға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік туады.