Алматы Наурызды рекордтармен, цифрлық киіз үйлермен және жаңа форматтағы қалалық кеңістіктермен атап өтті

Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматыда 2026 жылғы Наурыз мейрамы бұрын-соңды болмаған ауқымда өтіп, дәстүр, заманауи технология мен қалалық іс-шаралардың жаңа форматтарын тоғыстырды.

Шаһарда 200-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, оған 800 мыңнан астам адам қатысты, ал онлайн аудитория 3 миллионнан асты. Мерекені ұйымдастыру мен өткізуге 500-ге жуық мәдениет және өнер қайраткері атсалысты. Биыл жас таланттарды қолдауға ерекше басымдық берілді. Қала сахналарда танымал артистермен қатар оқушылар, студенттер және жас орындаушылар да өнер көрсетті.

Мерекенің негізгі орталықтары "Астана" және "Абай" алаңдары, Панфилов жүргіншілер көшесі, "Арбат", "Атакент" аумағы, Тұңғыш Президент саябағы және Алматы ипподромы болды. Қала бойынша шамамен 100 киіз үй тігіліп, олардың әрқайсысы дәстүрден инновацияға дейінгі түрлі тақырыптағы дербес кеңістікке айналды. Бұл алаңдар жас өнерпаздарға шығармашылығын кең аудиторияға ұсынуға мүмкіндік берді.

"Астана" алаңында алты киіз үйден тұратын экспозиция ұсынылып, онда ұлттық музыкалық аспаптар, археологиялық реконструкциялар, этнодизайн үлгілері, сондай-ақ роботтар, дрондар және жасанды интеллект технологиялары таныстырылды. Digital 360 кеңістігі арқылы қала тұрғындары мен қонақтары панорамалық проекциялар көмегімен Алматының әр кезеңдегі келбетін тамашалады. Осы алаңда өткен концерттерде кәсіби артистермен бірге Сая Махамбет, Айдар Әбдірахманов, Дастан Тұрдәлі, Әмина Әбділбекова, Майдан Аймауыт және Ханшайым Пшан сынды жас орындаушылар өнер көрсетті.

Цифрлық трансформация Наурыз-2026 мерекесінің басты ерекшеліктерінің біріне айналды. Қаланың әртүрлі нүктесінде цифрлық шешімдер қолданылған жетіден астам жоба жүзеге асырылды.

Панфилов көшесінде ауданы 175 шаршы метрлік LED-туннель орнатылып, онда жасанды интеллект көмегімен жасалған визуалды контент көрсетілді. Ал "Астана" және "Абай" алаңдарындағы концерттер мультимедиялық эффектілермен және жасанды интеллектпен сүйемелденді.

Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Интерактивті форматтар "Арбатта" жалғасын тапты. Мұнда KitapFest-2026 фестивалі аясында Smart-киіз үй жұмыс істеп, келушілерге сирек кітаптар, VR-аймақтар, AI-фотоаймақ және көне басылымдарды қалпына келтіру үдерісі ұсынылды. Екі күн ішінде фестивальге шамамен 40 мың адам келіп, 15 мыңнан астам кітап сатылды.

Мерекенің басты символдарының бірі — Тұңғыш Президент саябағында орнатылған әлемдік рекорд болды. Мұнда биіктігі 11 метрден, диаметрі 20 метрден асатын ең үлкен шаңырақ көтеріліп, оның астына ұзындығы 100 метрден асатын сырлы сырмақ төселді.

Рекордтар легі Алматы ипподромында жалғасын тапты. Мұнда алғаш рет ауқымды этнофестиваль өтіп, 10 мыңнан астам көрермен жиналды. Алаңда көкпар, жамбы ату, ат үстіндегі акробатика сияқты ұлттық спорт түрлері көрсетілді. Ең әсерлі сәттердің бірі — түйе үстінде отырып 10 секунд ішінде төрт нысананы дәл көздеп ату арқылы әлемдік рекорд орнату болды.

Биылғы мереке дәстүрлі алаңдармен шектелмей, бүкіл қаланы қамтыды. Метро бекеттерінде концерттер мен фотокөрмелер ұйымдастырылып, көшелерде этноансамбль өнер көрсеткен музыкалық автобус жүрді.

"Атакент" аумағында экологиялық мәдениетке бағытталған экофестиваль өтті. Қайта өңделген материалдардан жасалған арт-нысандар, шебердің дәрістері мен жәрмеңкелер дәстүр мен экологияның үйлесімін көрсетті.

Абай алаңы мәдени және халықаралық өзара ықпалдастық орталығына айналды. Мұнда ТҮРКСОЙ ұйымының қолдауымен Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Қазақстан шеберлері қатысқан түркі халықтарының көрме-жәрмеңкесі өтті. Сахнада Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттері Дулат Манарбеков, Әнел Жамбыл, Даниял Қыдырбаев, сондай-ақ "Кәусар" жетіген ансамблі, "Сарын" фольклорлық ансамблі және AURORA вокалды-аспаптық квинтеті өнер көрсетті.

Сонымен қатар, "Әлемді таңғалдырған әжелер" жобасы аясында 60 жастан асқан әйелдер ұлттық киімнің заманауи үлгілерін таныстырған сән көрсетілімі өтті.

"Алатау" дәстүрлі өнер театры алдындағы алаңда 700 орындық көшпелі цирк-шапито орнатылып, халықаралық деңгейдегі артистер қатысқан "Наурыз шоу" бағдарламасы ұсынылды.

Музыкалық бағдарлама аясында қала бойынша жеті гала-концерт өтті. Танымал өнерпаздармен қатар ондаған жас орындаушы алғаш рет үлкен сахнаға шықты.

Наурызнаманың маңызды бөліктерінің бірі "Тазару күні" аясында өткен ауқымды сенбіліктер болды. Оған 10 мыңнан астам адам қатысып, 2 мыңнан астам техника жұмылдырылды. Соның нәтижесінде 2 мың текше метрден астам қалдық шығарылып, 2 мыңнан астам ағаш пен бұта отырғызылды.

Қосымша мерекелік жоба ретінде "Nauryz Sale" қалалық акциясы ұйымдастырылып, оған 500 мыңнан астам адам қатысты.

Осылайша, Алматыдағы Наурыз-2026 дәстүрлі мерекенің жаңа форматтағы ірі қалалық оқиғаға айналғанын көрсетті. Рекордтар, цифрлық технология, халықаралық мәдени диалог және қала тұрғындарының белсенді қатысуы мерекеге ерекше сипат берді. Ал жас өнерпаздардың өнері жаңа буынның ұлттық дәстүрді жалғастырып қана қоймай, оны жаңаша түсіндіріп жатқанын айқын көрсетті.

Алматы
Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Әшімбаев: Тоқаевтың реформалары ескі әлемдік тәртіп күйреп жатқан жағдайда жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

Ердоған Тоқаевты Антальяға шақырды

Актер Асқар Жұмабек 10 тәулікке қамалды

25 наурызға арналған ауа райы болжамы: жауын-шашынсыз, бірақ тұман түседі

Шымкент зообағында жаңадан туған аландарға ат қойғыңыз келе ме