Мамандардың айтуынша, инсульт – ми қан тамырларының бітелуі немесе жарылуы салдарынан туындайтын қауіпті дерт. Аурудың басты қаупі – оның аяқасты пайда болуы және дер кезінде ем көрсетілмесе, өлімге әкелуі мүмкін.
Дәрігерлердің дерегінше, инсульт алған науқастардың тек 40 пайызы ғана толық немесе жартылай оңалып шығады. Бұл дерттің түрлері әртүрлі: кейбірі емге көнсе, енді бірі еш белгі бермей, кенеттен асқынып кетуі мүмкін, деп жазады qazaqstan.tv.
Мамандар инсульттің негізгі себептеріне жоғары қан қысымы, қант диабеті және холестериннің көбеюін жатқызады. Сонымен қатар, қимыл-қозғалыстың аздығы, темекі шегу мен алкоголь тұтыну да қауіп факторларының қатарында. Алайда кей жағдайда бұл дерт денсаулығына шағымы жоқ адамдардан да анықталады.
Сондықтан дәрігерлер жыл сайын профилактикалық тексеруден өтуді ұсынады. Уақтылы анықталған тамыр тарылуының алдын алып, қажетті ем жүргізуге мүмкіндік бар.
Инсульт кезінде уақыт аса маңызды. Мамандардың айтуынша, науқасты алғашқы 4,5 сағат ішінде ауруханаға жеткізу қажет. Ал негізгі емнен кейін алғашқы үш ай ішінде оңалту шараларын бастау – сауығу мүмкіндігін арттырады.
Реабилитологтардың сөзінше, инсульттен кейінгі қалпына келу ұзақ әрі тұрақты еңбекті талап етеді. Үздіксіз жаттығу мен ерік-жігердің арқасында ғана науқас қалыпты өмірге орала алады.
Дәрігерлер инсультке шалдыққан адам үшін жақындарының қолдауы ерекше маңызды екенін атап өтеді. Уақтылы ем мен дұрыс күтім – науқастың қайта аяққа тұруының басты кепілі.