Президенттің айтуынша, ғылымды қолдау және ғалымдарға құрмет көрсету қоғамда еңбекқорлық, білімпаздық және жасампаздық сияқты құндылықтарды қалыптастыруға ықпал етеді.
"Ғылымды қолдау, ғалымдарға ел болып құрмет көрсету – бұл ең алдымен қоғамда еңбекқорлық, білімпаздық, жасампаздық құндылықтарын орнықтыру деген сөз. Зерделі әрі зияткер ұрпақ тәрбиелеу – баршаға ортақ парыз. Оған мемлекет те, ата-аналар да бірдей жауапты", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың ой-өрісі мен білімге деген көзқарасы өскелең ұрпақтың ғылымға қызығушылығына тікелей әсер ететінін атап өтті.
Сондай-ақ Президент өткен жылы "Келешек" бірыңғай жинақтау жүйесін құру туралы заңға қол қойылғанын еске салды. Бұл жүйе ата-аналарға баласының болашақта сапалы білім алуына алдын ала қаражат жинауға мүмкіндік береді.
"Қазірдің өзінде 200 мыңға жуық азамат арнайы есепшот ашты. Мұны болашаққа салынған ең ұтымды инвестиция деуге болады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.