Адвокат Эльмира Төлегеновадан кінәсін мойындап-мойындамайтындығын сұрады.
"Заңсыз кәсіпкерлік қызметке қатысты біз әкімшілік сотта жауап беруге дайын едік... Сол кезде әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамаға қол қойған жоқпыз. Қазір біз заң бұзғанымызды түсініп отырмын, оны мойындаймын. Шынымды айтсам, мұнда тұру маған өте ауыр. Біз бұл үшін жауап беруге дайынбыз. Бірақ қаражатты заңдастыру және жылыстату айыптарымен келіспеймін", – деді ол.
Осы сөздерді айтқан кезде ол жылап жіберді. Судья үзіліс жариялауды ұсынды. Алдымен ол бас тартып, өзін аса эмоциялық адам емес екенін айтты және әйел ретінде бұл жағдайдың өзіне ауыр тигенін жеткізді. Кейін бәрібір үзіліс сұрады.
Он минуттық үзілістен кейін сот отырысы жалғасты.
"Бұл жағдай менің психологиялық, менталдық денсаулығыма қатты әсер етті. Бізге бұл баптың неге тағылғаны түсініксіз, 214-бапты ауырлату үшін әдейі қосылғандай әсер қалдырады. Мен бұл ақшаны алып кеткен жоқпын, қолма-қол шешіп алған жоқпын. Қаражат тек компания ішіндегі шоттар арасында аударылған, бәрі есепшотта тұр. Біз "төлеуден қашып жүр" немесе "мемлекетпен соттасқысы келеді" деген пікірлер айтылды, бірақ ондай ниет болған жоқ", – деді Эльмира Төлегенова.
Ол сондай-ақ басқа блогерлерге қатысты істер әкімшілік деңгейде аяқталғанын, ал олардың жағдайында іс қылмыстық деңгейге дейін жеткенін атап өтті.
"Иә, біз заң бұздық, бірақ сол кезде оны түсінбедік. Адвокат жалпы алғанда сіздерде ЖШС бар, жеке кәсіпкер емес деп сендірді. Басқа өңірлерде бұл компания ма, әлде жеке кәсіпкер ме деп аса мән бермеген. Кейде тіпті бөтен адамның жеке кәсіпкерлігі де болған. Мен ешқандай шоттарды жасырған жоқпын, тергеумен байланыста болдым, барлық қажетті құжаттарды ашық әрі дұрыс түрде ұсындым. Құрметті сот, осы істі әділ әрі объективті қарауды сұраймын", – деп толықтырды блогер.
Бұған дейін Эльмира Төлегенова жауап алу барысында әкімшілік айыппұлды неге бірден төлеуден бас тартқанын және істің қалай сотқа жеткенін түсіндірген болатын.
Еске салсақ, 2025 жылғы 24 тамызда Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті әлеуметтік желілерде құнды сыйлықтардың ұтысын өткізген блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенованың әрекеттерін лотерея қызметі туралы заңнама талаптарына сәйкестігі тұрғысынан тексеруді бастағаны белгілі болды.
5 қыркүйекте Астананың Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында Ерболат Жанәбіловқа қатысты заңсыз лотерея өткізу фактісі бойынша іс қаралды. 15 қыркүйекте Эльмира Төлегеноваға қатысты іс қаралды. Артынша, оларға қатысты материалдар қылмыстық іс қозғау үшін Қаржы мониторингі агенттігіне жіберілді. 16 қазанда Қаржы мониторингі агенттігі блогерлерге қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.