Оның айтуынша, бұл сауал өңірлердегі, нақты айтқанда Алматыдағы кездесулер нәтижесінде жасалған.
"Алматы – елдегі ең сейсмикалық қауіпті қалалардың бірі. Қала 10 балға дейінгі күшті жер сілкіністері болуы мүмкін аймақта орналасқан және басқа да табиғи қауіп-қатерлер бар. Мұндай жағдайда азаматтық қорғаныс мәселелері жай ғана ұсыныс емес, нақты жазылған қауіпсіздік жүйесі болуы тиіс. Алайда Алматының қолданыстағы және түзетіліп жатқан Бас жоспарын зерттеу барысында төтенше жағдай кезінде, оның ішінде ықтимал жер сілкінісі кезінде халықты эвакуациялау және жинау үшін қауіпсіз қоғамдық кеңістіктерді қамтамасыз етуге арналған жүйелі шешімдердің жоқ екені анықталды", – деді Смирнова.
Ол азаматтық қорғау саласындағы қолданыстағы заңнамада "төтенше жағдай кезінде халық жиналатын орындар" ұғымы мен ондай аумақтарға қойылатын талаптардың нақты реттелмегенін атап өтті.
"Төтенше жағдайлар министрлігі мен департаментінің жауаптарында негізінен халыққа ғимараттардан, электр желілерінен және ағаштардан алыс ашық жерге шығу ұсынылатыны ғана айтылған. Бірақ бұл нақты норма емес, жалпы ұсыныс. Яғни бүгінгі күні төтенше жағдай кезінде адамдарды эвакуациялау және жинау үшін қауіпсіз орындардың жүйесі қарастырылмаған. Ал жер сілкінісі кезінде мектептер мен балабақшалардың аумағын жиналу орны деп есептеу тиімсіз", – деді депутат.
Ол мысал ретінде эвакуациялық пункт ретінде белгіленген мектеп аумағында қазірдің өзінде балабақша салынғанын, әрі тағы бір корпус салу жоспарланып отырғанын айтты. Соның салдарынан төтенше жағдайда адамдар жиналатын алаңдар іс жүзінде құрылысқа беріліп жатыр.
"Осындай жағдай қаланың басқа аудандарында да бар. Мысалы, Академгородокта бұрын сквер орналасқан жалғыз бос қоғамдық кеңістікке қазір тұрғын үй кешендері салынып жатыр. Тұрғындар бұл аумақты қоғамдық кеңістік – сквер және ашық алаң ретінде сақтауды, соның ішінде төтенше жағдайда халық жиналатын орын ретінде пайдалануды ұсынған. Бірақ тұрғындардың алаңдаушылығы мен өтініштеріне қарамастан, аумақты сақтап қалу мүмкін болмады, құрылыс жұмыстары басталып кеткен", – деді ол.
Сондай-ақ, ол Алматының басқа аудандарында да осындай бос кеңістіктердің қысқарып жатқанын, бұл сейсмикалық қауіпті қала жағдайында төтенше кезде халық жиналатын қауіпсіз орындардың жоғалуына әкеліп жатқанын атап өтті.
"Қазақстанның халық партиясы фракциясы Төтенше жағдайлар министрлігіне бұл мәселені шұғыл түрде зерттеп, азаматтардың өмірі мен денсаулығы үшін жақын арада шешім қабылдауды ұсынады. Сондай-ақ Бас прокуратурадан төтенше жағдай кезінде халық жиналатын орындардың болмауына және олардың нормативтік анықтамасының жоқтығына құқықтық баға беруді сұраймыз", – деді Смирнова.
Бұған дейін Алматыда түнгі уақытта велосипед ұрлауды кәсіп қылған күдіктілер ұсталғанын жазғанбыз.