Ресми ақпаратты 2026 жылдың 16 сәуірінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі таратты.
Есмұхан Несіпбайұлы саналы ғұмырын қазақ театр өнерінің дамуына, сахна мәдениетінің өркендеуіне, ұлттық режиссура мен актерлік мектептің қалыптасуына арнаған көрнекті тұлға болатын.
Ұлт мәдениетінің мерейін өсірген, театр өнерінің абыройын асқақтатқан ардақты азамат қай кезеңде де өнерге адалдықтың, кәсібіне жауапкершіліктің үлгісін көрсете білді. Ол тәрбиелеген буын, сахналаған туындылар мен қалыптастырған көркемдік ұстаным қазақ театрының алтын қорында қала бермек.
"Ұлттық мәдениеттің дамуына сүбелі үлес қосқан Есмұхан Несіпбайұлының жарқын бейнесі, шығармашылық мұрасы мен ғибратты ғұмыр жолы халқымыздың жадында мәңгі сақталады деп сенеміз. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат, топырағы торқа болсын!" ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі
Есмұхан Обаев – 1941 жылы Алматы облысының Райымбек ауданында туған. Алматы мемлекеттік консерваториясын, Мәскеудегі Максим Горький атындағы академиялық театр курсын бітірген. Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының, Ғабит Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрының қоюшы режиссері, Абай атындағы Семей облыстық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақ мемлекеттік театр және кино институтының ректоры болған.
1995-2001 жылдары – Қазақстан Республикасы Мәдениет министрінің бірінші орынбасары, орынбасары, Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған.
Ол режиссер болып З.Ақышевтің "Жаяу Мұса", Тахауи Ахтановтың "Боран", М.Кәрімнің "Ай тұтылған түн", Ш.Құсайыновтың "Сертке серт", Қ.Мұхамеджановтың "Өзіме де сол керек", Сәбит Мұқановтың "Ботагөз" және "Қашқар қызы", Бейімбет Майлиннің "Шұға", Әнуар Әлімжановтың "Махамбеттің жебесі бойынша, Роллан Сейсенбаевпен бірлесіп жазған "Өзімді іздеп жүрмін" мен Әкім Таразидің "Індет" спектакльдерін қойды.
Семей музыкалық драма театрының бас режиссері болып, осы театр сахнасына бірқатар спектакльдер шығарды: Мұхтар Әуезовтің "Айман-Шолпан", "Еңлік-Кебек", "Абай", "Қарагөз", Ғабит Мүсіреповтің "Ақан сері-Ақтоқты", Евгений Брусиловский мен Ғабит Мүсіреповтің "Қыз Жібек", Тахауи Ахтановтың "Күшік күйеу", Сафуан Шаймерденовтің "Әнім сен едің", Е.Рахмадиев пен Ғабит Мүсіреповтің "Қайран, Майра", Дулат Исабековтің "Әпке" мен "Ертеңді күту", О.Бодықовтың "Қош бол, Бөрібасар", М.Сәрсекеевтің "Жарылыс", Қалтай Мұхамеджановтың "Комиссар Ғаббасов", Ж.Файзидің "Башмағым", Ф.Эрвенің "Түлкі бикеш" спектакльдері бар.
"Парасат" орденімен марапатталған. Ол Германияда, Индияда, Кореяда, Қытайда, Ресейде, Өзбекстанда, Қырғызстанда, т.б. елдерде өткен қазақ өнерінің мәдени күндеріне шығармашылық жетекшілік жасады.
Zakon.kz ұжымы марқұмның отбасы мен туған-туыстарына қайғыра көңіл айтады.