Жұмыртқа бағасын арзандату ұсынысы неге қолдау таппады - министрлік түсіндірмесі

Фото: Zakon.kz
2026 жылғы 23 сәуірде Аманғали Бердалин ҚР Парламенті Мәжілісі отырысында бизнес өкілдерінің Қытайдан инкубациялық жұмыртқа импорттауға рұқсат беру туралы ұсынысына жауап берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл ұсынысты Мәжіліс депутаты Бауыржан Смағұлов көтерген.

"Қазіргі таңда құс фабрикалары инкубациялық жұмыртқаны Түркия мен Өзбекстаннан сатып алып отыр, бірақ ол елдерде баға өсіп жатыр. Ал Қытайда биологиялық қауіпсіздік деңгейі жоғары, заманауи асыл тұқымды өндіріс дамыған және логистика жақсы жолға қойылған. Соның нәтижесінде жұмыртқа бағасын 10–15 пайызға дейін арзандатуға болады. Тіпті Қытайдан Алматыға жеткізу жақын болғандықтан, баға тағы 20–23 пайызға төмендеуі мүмкін",- деді ол.

Алайда вице-министр бұл ұсынысқа келіспейтінін айтып, ветеринариялық қызметтің негізгі міндеті – биологиялық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті.

"Бұл бизнес емес, ветеринария өз функциясын орындауы керек. Қытайда аусыл және құс тұмауы бойынша толық тұрақты жағдай жоқ. Егер індет қайта шықса, біз кемінде 12 немесе 36 ай күтуге мәжбүр боламыз. Өткен жылы Қытаймен құс тұмауы бойынша екі жыл бойы індет тіркелмегеніне байланысты хаттамаға қол қойылған. 2025 жылдың қыркүйегінде қытайлық мамандар Қазақстанға келіп, тексеру жүргізіп, құс шаруашылығындағы кейбір қателіктерді көрсеткен. Қазақстандық кәсіпорындар ол ескертулерді түзеткен. Қазір соңғы кезең – бейнеинспекция. Онда Қазақстан тарапынан барлық талаптардың орындалғаны дәлелденуі тиіс. Осыдан кейін ғана Қытай Қазақстанға құс өнімдерін экспорттауға рұқсат береді. Кейін екі ел мамандары бір-бірінің құс шаруашылықтарын өзара тексеретін болады",- деді Аманғали Бердалин.

Бұған дейін Қазақстанда ветеринар мамандарға қосымша төлемдер мен үстемақылар енгізу ұсынылғанын жазғанбыз.

Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Мемлекет басшысы Ербол Хамитовты III дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттады

Мемлекет басшысы Ресей Премьер-министрі Михаил Мишустинді қабылдады

Димаш Құдайберген маңызды үндеу жасады

Дабылды ескерту: Қазақстанда найзағай мен дауыл күтілуде

Қасым-Жомарт Тоқаев: Жаңа Конституция – әр азаматқа тең мүмкіндік пен стратегиялық даму кепілі