Метеорологтардың болжамынша, еліміздің басым бөлігінде атмосфералық фронттардың әсерінен ауа райы тұрақсыз болады.
"Жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, кей жерлерде бұршақ түсіп, дауылды жел соғады. Солтүстік-батыста қатты жаңбыр күтіледі", – деп мәлімдеді "Қазгидромет" баспасөз қызметі.
Сонымен қатар республика бойынша тұман түсіп, жел күшейеді, кей өңірлерде шаңды дауыл болуы мүмкін.
Бұған қоса, Жетісу облысының солтүстігі мен шығысында, Абай облысының орталық бөлігінде, Шығыс Қазақстан облысының оңтүстік-шығысында, Қызылорда облысының солтүстігінде өрт қаупі жоғары болады деп күтілуде. Ал Жетісу облысының оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады.
Бұған дейін 25–27 сәуір аралығында Астана, Алматы және Шымкент қалаларында ауа райы құбылмалы болатындығын жазғанбыз.