Ведомтсво мәліметіне сүйенсек, Жайық-Каспий бассейнінің экологиясын қорғау және биоәртүрлілігін сақтау Атырау облысы прокуратурасы қадағалау қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады.
Жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерінің, оның ішінде бекіре тұқымдас балықтар мен олардың дериваттарының заңсыз айналымы ерекше алаңдаушылық туғызады.
Жүргізілген талдау көрсеткендей, балықты заңсыз аулау көбіне браконьерлік өнімдерді сатып алатын азаматтардың тұтынушылық сұранысымен ынталандырылады.
"2025 жылдың қорытындысы бойынша облыстың қылмыстық қудалау органдарымен экология саласында 30 құқық бұзушылық тіркелді. 2025 жылдың ішінде соттарға айыптау актісімен 11 қылмыстық іс жолданып, олар бойынша 10 тұлғаға айыптау үкімі шығарылды",-делінген ақпаратта.
Прокуратура азаматтардың назарын мынаған аударады: Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 339 және 339-1-баптарына сәйкес, тек заңсыз аулауды жүзеге асыратын тұлғалар (браконьерлер) ғана емес, сонымен қатар сирек кездесетін жануарлар мен олардың бөліктерін заңсыз сатып алатын, сақтайтын, өткізетін немесе тасымалдайтын адамдар (сатып алушылар мен қайта сатушылар) да қылмыстық жауаптылыққа тартылады.
Мәселен, ағымдағы жылы сот үкімімен Атырау қаласының тұрғыны қылмыстық жауаптылыққа тартылды. Оның автокөлігін тінту барысында 501,9 кг бекіре тұқымдас балық табылып, алынды. Сот оны кінәлі деп танып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Оған қоса сотталушыдан материалдық шығын мен мемлекеттік баж салығын өтеу есебіне 304 млн теңгеден астам қаражат өндірілу міндеттелді.
Прокуратура ескертеді: заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Жеке тұлғалардан тиісті рұқсат құжаттарынсыз, шығу тегі күмәнді балық пен уылдырықты сатып алу арқылы сіз қылмыстық құқық бұзушылықтың сыбайласына айналасыз.
Бұған дейін ШҚО-да зират үстінен салынып жатқан аурухана жұртты шулатқанын жазғанбыз.