Денисов ауданындағы Перелески ауылында жаңа медициналық нысанның құрылысы жүріп жатыр. 1500-ге жуық тұрғыны бар елді мекенде тұрғындар дәрігерге қаралу, тіпті қарапайым талдау тапсыру үшін аудан орталығына баруға мәжбүр. Жаңа амбулатория жазда пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Ауылға келетін мамандарды баспанамен қамтамасыз ету үшін жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен үйлер жөнделіп жатыр, деп жазады qazaqstan.tv.
Денисов аудандық ауруханасы ауыл-аймақтан келетін 13 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді. Алайда мұнда да маман тапшылығы сезіледі. Мәселен, ультрадыбыстық зерттеу жүргізетін дәрігердің жоқтығынан қажетті құрылғылар толық пайдаланылмай тұр. Соның салдарынан тұрғындар көрші аудандарға, тіпті облыс орталығына баруға мәжбүр.
Жалпы облыс бойынша 100-ге жуық дәрігер жетіспейді. Әсіресе терапевт, хирург және акушер-гинеколог мамандарына сұраныс жоғары.
Кадр тапшылығын азайту үшін мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Бұл мақсатқа 600 миллион теңге бөлініп, ауылға келген мамандарға елді мекеннің шалғайлығына қарай 3,5 миллионнан 7 миллион теңгеге дейін көтермеақы төленуде. Сонымен қатар жас мамандарға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жәрдемақы беріледі және тұрғын үй сатып алуға 2,5 мың АЕК мөлшерінде жеңілдетілген несие ұсынылады.
Осы қолдаудың нәтижесінде өткен жылы аудандық ауруханаға 5 жас маман жұмысқа қабылданған. Жалпы өңірде 310 жоғары білімді маман жұмысқа орналасып, кадр тапшылығы 20 пайызға азайды.
Алдағы уақытта көтермеақы көлемін ұлғайту жоспарланып отыр: қалалық жерлерде 3,5 миллионнан 5 миллион теңгеге дейін, ал аудан деңгейінде 7 миллион теңгеге дейін арттыру көзделген. Сондай-ақ міндетті еңбек өтеу мерзімін қысқарту мәселесі қаралуда.
Биыл өңірде дәрігер тапшылығын 50–60 пайызға дейін азайту жоспарланып отыр.