Тиісті нормалар ағымдағы жылдың 29 сәуірінде Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде талқылауы басталған заң жобасында қарастырылған.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, өзгерістер 2022 жылдан бастап медициналық жоғары оқу орындарына түскен студенттерге қатысты болады.
Бұған дейін қабылданған студенттер үшін оқу шарттары өзгеріссіз қалады: олар қолданыстағы бағдарламалар бойынша білім алып, белгіленген тәртіппен мамандыққа шығады.
"Реформалардың қажеттілігі қолданыстағы даярлау моделіндегі шектеулермен байланысты. Қазіргі уақытта оқу ұзақтығы 6 жылды құрайды, оған интернатура мен магистратура элементтері кіреді, алайда түлектердің практикалық даярлығы жеткіліксіз деңгейде қалып отыр",- делінген ақпаратта.
Сонымен қатар, диплом алғаннан кейін түлектер резидентурадан өтпей дәрігер ретінде жұмыс істеуге құқылы емес, ал резидентураға бөлінетін гранттар саны шектеулі екені атап өтілді. Бұл жағдай көп жылдық оқуға қарамастан, кейбір түлектердің бірден кәсіби қызметін бастай алмауына әкеледі.
Реформа шеңберінде барынша логикалық және практикаға бағытталған модельге көшу ұсынылады. 2022 жылдан бастап оқуға түскен түлектер оқуын және интернатураны аяқтағаннан кейін резидентурадан міндетті түрде өтпей-ақ еңбек қызметін бастай алады.
Оларға алты базалық бағыт: жалпы дәрігерлік практика, терапия, педиатрия, хирургия, акушерия және гинекология, балалар хирургиясы бойынша жұмыс істеу құқығы беріледі.
Бұл ретте, оқыту мазмұны да елеулі түрде өзгереді.
Интернатура толыққанды клиникалық практика мәртебесіне ие болады: интерн-дәрігер тәлімгердің жетекшілігімен жұмыс істеп, пациенттерді емдеуге қатысады, медициналық ақпараттық жүйелерге қол жеткізеді және еңбекақы алады.
Осылайша, интернатура формалды кезең болудан қалып, даярлау жүйесінің негізгі элементіне айналады.
Резидентура сақталады, алайда оның рөлі өзгереді: ол тар бейінді мамандану үшін тереңдетілген даярлық кезеңі болады.
Бұған дейін ағымдағы жұмыс аптасы ішінде Қазақстан заңнамасында қандай өзгерістер болғанын жазғанбыз.