Президенттің айтуынша, жасанды интеллектінің стратегиялық маңызы модельдердің ауқымымен емес, оның экономиканың нақты секторына қаншалықты тиімді кіріктірілгенімен өлшенеді.
"Қазір парадигмалар түбегейлі өзгеріп жатыр. Жасанды интеллектіні нақты уақыт режимінде пайдалану экономикалық өсімнің басты факторына айналып келеді. Сондықтан бізге деректерді, үдерістер мен адамдарды біріктіретін біртұтас жүйе қажет. Осындай негіз қалыптасқанда ғана пилоттық жобалармен шектелмей, жасанды интеллектіні экономиканың барлық секторына енгізуге мүмкіндік туады", – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, қазіргі жаһандық технологиялық бәсекеде ешбір мемлекет жасанды интеллект әлеуетін өз бетінше толық пайдалана алмайды. Сондықтан бұл бағытта халықаралық тәжірибе алмасу мен үйлесімді тәсілдер аса маңызды.
Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің келесі отырысын өндіріс саласын цифрландыру мәселесіне арнауды ұсынды.
"Өнеркәсіп – қосылған құны жоғары өнім өндіретін әрі жаңа технологияларды сынақтан өткізетін негізгі алаң. Сондықтан тау-кен кешені, энергетика, агроөнеркәсіп және логистика салаларында өнімділікті арттыру, шығындарды азайту және басқару тиімділігін жетілдіруге басымдық беру қажет", – деді Президент.
Мемлекет басшысы индустриялық деректерді дамыту, өндірістің цифрлық телнұсқаларын енгізу және процестерді жаппай автоматтандыру стратегиялық мақсаттарды нақты іске асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.