"125 грамм үміт": Қостанайда соғыс драмасы сахналанды

Сурет: Instagram/kostanaydramteatr
Қостанай облыстық орыс драма театрында "О чем молчат ленинградские крыши" атты спектакльдің премьерасы өтті. Қойылымда TikTok бейнероликтері, жасанды интеллект мүмкіндіктері және соғыс хроникалары шебер ұштасып, блокададағы Ленинградта өмір сүрген Лида есімді қыздың тағдыры баяндалады.

Спектакль Жеңіс күніне арналып қойылған. Онда басты рөлдерді тәжірибелі актерлермен қатар жас өнерпаздар сомдайды. Қойылымның авторы – театрдың бас режиссері Евгения Тикиджи-Хамбурьян, ал режиссері – Анна Удесиани. Олар бұл туындыны отбасылық көрерменге арнап, әже Лидия Борисовнаның немересі Леночкаға соғыс жылдарындағы өмірі туралы сыр шертетін әсерлі хикая ретінде ұсынған.

Көрермендер қойылым басталмай тұрып-ақ ерекше атмосфераға енеді. Жеңіс күніне орай арнайы түсірілген бейнероликте соғыс туралы әртүрлі буын өкілдері – 8 жастағы оқушы Амелия Бушинская мен 80 жастағы актриса Раиса Полухина ой бөліседі. Осылайша, көрермендер дәлізде тұрған сәттен бастап терең ойға батады.

Сурет: Instagram/kostanaydramteatr

Блокададағы балалық шақ

Қойылымда Лидия Борисовна өз басынан өткен қасіретті кезеңдерді еске алады:

"Анамды көз алдымда бомба жарып өлтірді. Сол сәттен бастап тұтыға бастадым. Кішкентай сіңлім Олечка екеуміз ғана қалдық. Қала қоршауда еді. Жылу да, су да жоқ үлкен шаһарда екі баланың жалғыз қалуын елестетші. Немістер азық-түлік сақталған қоймаларды бомбалады. Біз сол жерге барып, топыраққа араласқан қантты жинайтынбыз. Оны суға ерітіп ішетінбіз, мал азығын шайнайтынбыз, тіпті ағаш желімін қайнатып жедік. Аштықтан адамдар көшеде қаза тауып жатты. Ақыры сіңлім де көз жұмды", – дейді ол.

Сурет: Instagram/kostanaydramteatr

Шатырдағы ерлік пен достық

Оқиға өткенге оралып, Ленинградтың шатырларына көшеді. Шашын екі өрім етіп өрген, көзілдірікті кішкентай Лида қолына құм толы шелек алып, шатырға көтеріледі. Қаладағы көптеген балалар сияқты ол да қорғанысқа өз үлесін қосып, түнгі кезекшілікке шығады. Үйге түскен өртегіш бомбаларды құммен өшіріп отырады.

Сол күндердің бірінде оның қасына Сережа есімді бала келеді. Ол Лиданы "көкек балапан" деп атап, оған тек дос қана емес, өмірге деген сенім сыйлаған тірекке айналады.

Қойылым көрерменді кезек-кезек бүгінгі бейбіт өмір мен соғыс кезіндегі ауыр жылдарға жетелейді. Бір сәтте немересі әжесіне жасанды интеллект арқылы ескі фотоларды "тірілтуді" ұсынса, келесі сәтте көрермен Ленинград шатырларында кезекшілік етіп жүрген Лида мен Сережаның қасына барады. Олар небәрі 125 грамм нанды бөлісіп жеп, болашаққа үмітпен қарайды.

Аштық арасындағы арман

Балалар аштыққа қарамастан, қиял арқылы өздерін жұбатады.

– "Қазір не жегің келеді?" – деп сұрайды Сережа өзін даяшы етіп көрсетіп. – "Котлет жегім келеді", – дейді Лида.

Сережа көзге көрінбейтін "тағамды" ұсынып, мәзірді елестетіп айтады. Ал Лида қолындағы аз ғана нанды бөліп, досына береді. Олар суды "сорпа" етіп, нанды соған батырып жеп, түрлі тағамдарды елестетеді. Соғыс аяқталған соң бақытты, тоқ өмір сүретін күндерді армандайды.

Бірақ әуе шабуылы кезінде қайғылы жағдай орын алады. Сережа Лиданы құтқарып, өзі қаза табады.

Сурет: Instagram/kostanaydramteatr

Күтпеген кездесу

Арада Лидия Борисовнаның немересінің жігіті Петя келеді. Ол ерекше сыйлық – атасы жасаған ағаш ойыншықты ала келеді. Сөйтсе, оның атасы – баяғы Сережа болып шығады.

Петя дереу бейнеқоңырау шалуды ұсынады.

– "Сәлем, Сережа!" – дейді Лидия Борисовна экранға қарап. – "Бұл сен бе, көкек балапан?" – деген жауап естіледі.

Зал толы көрермен орындарынан тұрып, ұзақ қол соқты. Үлкендер көз жасын тыя алмай, жастар сахнаға гүл алып шықты.

Сурет: Instagram/kostanaydramteatr

Көрерменнің ой түйіні

Спектакльден кейін көрермендер әсерлерімен бөлісті:

"Бұл жай ғана қойылым емес. Бұл – нанның алтыннан да қымбат болғанын, адамның өмірге деген ерік-жігері суық пен аштықты жеңгенін сезіндіретін туынды. Мұндай тарихты ұмытпау – біздің міндетіміз", – деді ұстаз Марина Петрова.

Осылайша көрермен өткен мен бүгінге кезек-кезек сапар шегіп, әсерлі күй кешеді.

Қостанай
Қазақстан
Ұлы Жеңіс

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Мемлекет басшысы Ербол Хамитовты III дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттады

Мемлекет басшысы Ресей Премьер-министрі Михаил Мишустинді қабылдады

Димаш Құдайберген маңызды үндеу жасады

Дабылды ескерту: Қазақстанда найзағай мен дауыл күтілуде

Қасым-Жомарт Тоқаев: Жаңа Конституция – әр азаматқа тең мүмкіндік пен стратегиялық даму кепілі