Министрдің айтуынша, биылғы вегетациялық кезең 2025 жылғы қуаңшылықтың салдарымен өтеді.
"2026 жылға арналған су пайдалану лимиті 1,2 млрд текше метрден 900 млн текше метрге дейін қысқартылды", – деді ол.
Мұндай шешім бірқатар су қоймаларындағы жағдайға байланысты қабылданған.
"Сырдария өзені бассейніндегі көршілес мемлекеттер аумағында орналасқан су қоймаларындағы су көлемі былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 1,6 млрд текше метрге азайған. Осыған байланысты жаз мезгілінде аталған су қоймалары су жинау режимінде жұмыс істейді. Соның салдарынан Қазақстан аумағына келетін су көлемі көпжылдық орташа көрсеткіштің шамамен 70%-ын ғана құрайды деп күтілуде",- деді ол.
Министр бұл жағдай Сырдарияның орта және төменгі ағысында су тапшылығы қаупін күшейтетінін айтты.
Оған қоса, Шу және Талас өзендері бассейндерінде де ахуал күрделі. Қырғызстан аумағындағы Киров су қоймасы небәрі 78%-ға толған, бұл былтырғыдан 89 млн текше метрге аз. Ал Орто-Токой су қоймасындағы су көлемі өткен жылмен салыстырғанда 79 млн текше метрге төмен болып, толу деңгейі 83%-ды құрап отыр.
"Соның нәтижесінде Талас өзені бассейнінде су мөлшері қалыпты деңгейден төмен болады деп болжануда. Ал Шу өзені бассейнінде су ағыны қалыпты мөлшердің 50-75%-ы шамасында болады деп күтілуде. Жалпы, бұл өңірлерде вегетациялық маусым бойы су тапшылығы сақталуы мүмкін. Сонымен қатар, Алматы облысындағы Күрті су қоймасы маңында да су жетіспеушілігі қаупі бар. Қазіргі таңда ондағы су көлемі 64 млн текше метрді құрайды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 38 млн текше метрге аз".Нұржан Нұржігітов
Шу-Талас бассейніндегі су қоймалары қазіргі уақытта 81%-ға толған. Дегенмен, Қырғызстан аумағындағы Киров және Орто-Токой су қоймаларындағы су деңгейінің төмен болуы алаңдаушылық туғызып отыр.
Бұған дейін Олжас Бектенов шегірткеге қарсы қорғау шараларын күшейтуді тапсырғанын жазғанбыз.