Президенттің сөзінше, Алтын Орда кезеңіндегі ақша айналымы туралы жаңа археологиялық деректер табылып жатыр.
"Көптеген беделді ғалымдардың пікірінше, қазір Алтын Орданың ақша жүйесінде мән-маңызы айрықша жаңалықтар ашылып жатыр. Археологтар осы кезге дейін беймәлім болып келген ондаған тиын сарайын тапты", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Алтын Орда экономикасының ауқымына да тоқталды.
"Мамандардың айтуынша, нағыз өрлеу кезеңінде Алтын Ордада шамамен 28 миллион күміс тиын соғылған", – деді Президент.
Сондай-ақ ол бүгінгі ұлттық валюта атауының тарихи тамырына назар аударды.
"Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге атауы ұлыстың "данг" сөзінен тамыр тартады. "Деньги" сөзінің түбірі де осы ұғымнан тараған болуы мүмкін", – деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, бұл тек лингвистикалық ұқсастық емес, тарихи экономикалық жүйенің сабақтастығын көрсететін маңызды дәлел.
"Бұған жай ғана лингвистикалық сәйкестік ретінде қарауға болмайды. Бұл – кең байтақ аймағымызда пайда болған ақша жүйесінің Алтын Орда заманында жасалғанын көрсететін нақты дәлел", – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Тоқаев Алтын Орда кезеңінде Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағы толық бақылауда болғанын атап өтті.
"Алтын Орда Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағын түгел бақылауда ұстап, даланы қауіпсіз тасымал дәлізі ретінде дамытты", – деді Президент.
Мемлекет басшысы Жошы ұлысы арқылы өткен сауда ағынының ауқымын да сипаттады. Оның айтуынша, сол кезеңде Қытайдан жібек, Үндістаннан дәмдеуіштер, Ресейден тері өнімдері, Еуропа мен Таяу Шығыстан қолөнер бұйымдары үздіксіз тасымалданған.