Депутаттың айтуынша, бұл шешімді қабылдауға қатысты "жақтаушылар да, қарсы пікірлер де" бар.
"Мен ата-аналардың да, түлектердің де эмоциясын түсінемін. Барлығымыз 11 жыл оқуды аяқтағандағы қуанышты сәттерді бастан өткердік. Әркім әдемі, салтанатты бітіру кешін қалайды. Бірақ екінші жағынан, Ішкі істер министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігінің шешімінің екі негізгі себебі бар: біріншісі – әлеуметтік әділеттілік, екіншісі – қауіпсіздік", – деді мәжілісмен.
Оның айтуынша, кейбір ата-аналардан мұндай салтанатты шараларды өткізбеу туралы өтініштер де түсіп жатыр.
"Олар бұл шығындарды көтере алмайтынын айтады. Кейде мұндай кештерге кететін ақша өте үлкен сомаларға ұласады – 1 млн, 500 мың, 300 мың теңге. Сол себепті кей ата-аналар балаларының қысым көріп, қиналатынын айтады", – деді ол.
Сонымен қатар Аймағамбетов мектеп бітіру мерекелері мүлде жойылмайтынын атап өтті.
"Мектептегі соңғы қоңырау, соңғы вальс сияқты шаралар қалады. Яғни қоштасу, эмоция, әсерлі сәттер бәрі сақталады", – деді депутат.
Бұған дейін Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігі мектептерде және басқа да білім беру ұйымдарында салтанатты іс-шараларды мейрамханаларда, кафе мен банкет залдарында өткізуге тыйым салынғанын еске салған болатын.