Екібастұздағы көмір өндірісіне кедергі болған 115 млн теңгелік жер мемлекетке қайтарылды
Фото: Zakon.kz
Павлодар облысының прокуратурасы Екібастұз көмір өнеркәсібі үшін стратегиялық маңызы бар жер учаскелерін мемлекетке қайтару жөнінде шара қабылдады.
Бұл жерлер көмір өндіруші кәсіпорындардың жұмысы үшін қажет. Олардың аумағы арқылы көмір кен орындарын игеру кезінде аршылған жыныстарды тасымалдайтын теміржол желілері өтеді.
Алайда "Arman kala Limited" ЖШС жалға алған жер учаскелерін нысаналы мақсатына сай пайдаланбаған. Соның салдарынан өндірістік инфрақұрылымды дамытуға кедергі туындаған.
Прокурорлық қадағалау актісі негізінде жер учаскелерін мәжбүрлеп алып қою туралы сотқа талап арыз берілді.
Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты 2026 жылғы 13 шілдеде прокуратура талабын қанағаттандырды. Ал 14 қазанда апелляциялық сот бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды.
Нәтижесінде жалдау шарттары бұзылып, жалпы құны 115 млн теңге болатын жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды.
Прокуратураның мәліметінше, бұл шешім өңірдегі көмір өндіруші кәсіпорындардың жұмысына қажетті теміржол және өндірістік инфрақұрылымды дамытуға жол ашады.