Негізінен көпшілік үшін ең қарапайым нұсқа – кино. Ескірмейтін классика: фильм көру, кейін сюжетті талқылау. Алматы кинотеатрларында билет бағасы уақытқа, сеансқа және залдың деңгейіне байланысты өзгереді. Орта есеппен бір билет 2500–5000 теңге тұрады. Екі адамға киноға бару шамамен 5000–10 000 теңге болады.
Бірақ шығын көбіне мұнымен тоқтамайды. Кинодан кейін көпшілік кофе ішіп немесе жеңіл тамақтануға барады. Екі сусын мен десерт 5000-8000 теңге аралығында тұрады. Нәтижесінде "кино + кофе" форматындағы қарапайым кездесу 10 000-18 000 теңгеге дейін шығады.
Киноны ұнатпайтындар үшін қаланың мәдени орындары бар – көрмелер, музейлер және өнер кеңістіктері. Мұндай кездесулер көбіне әңгімелесуге жақсы мүмкіндік береді. Алматыда музей немесе театрға бару әдетте 1 адамға 2000–3000 теңге шамасында. Кейбір көрмелер мен іс-шараларға жеңілдікпен немесе арзан бағада кіруге болады.
Дегенмен, мұнда да кездесу әдетте мекемеден шыққан сәтте бітпейді. Көбіне кейін серуен, кофе және көрген нәрсені талқылау жалғасады. Орташа есеппен мәдени кездесу 8000–15 000 теңге тұрады.
Ең арзан нұсқа – серуен. Бір қарағанда ол мүлде тегін сияқты көрінеді. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, алғашқы 15 минуттан кейін-ақ кофе алғыңыз келеді, кейін балмұздақ, сосын "көңіл көтеру үшін" тәтті мақта, одан әрі жеңіл тағам қосылады. Осылайша, орташа шығындар:
- балмұздақ: 700–2000 теңге
- тәтті мақта: 1000–2000 теңге
- кофе немесе сусындар (екі адамға): 2000–5000 теңге
- жеңіл тамақ: 3000–5000 теңге
Егер самокат жалдау немесе қосымша серуен орындары қосылса, шығын одан да өседі. Сондықтан қарапайым серуеннің өзі 8000–15 000 теңге шамасында болуы мүмкін.
Қарым-қатынас байсалды бола бастағанда классикалық сценарий пайда болады: гүл, мейрамхана және такси.
Алдымен гүл. Қарапайым букеттің өзі 7000–15 000 теңге тұрады. Әдемі композициялар 20 000–30 000 теңгеден жоғары болуы мүмкін. Негізгі шығын – мейрамхана. Орта деңгейлі орында екі адамға толық кешкі ас шамамен 35 000–50 000 теңге болады. Бірақ бұл да жиі өсіп кетеді: қосымша тағам, десерт, сусындар – бәрі чекке қосылады. Кейін такси шығыны бар. Қала ішінде орташа баға 2000–4000 теңге, бірақ уақыт пен ауа райына қарай тағы да өзгереді. Жалпы алғанда көлік шығыны 10 000–15 000 теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Нәтижесінде гүл, мейрамхана және таксимен бірге классикалық кездесу 50 000–80 000 теңге шамасында болады.
Дегенмен, романтикалық кеш тек қымбат чектермен есептелмейтінін есте ұстау керек. Қарапайым серуеннің өзі ғұмырлық есте қалар сәтке айналуы бек мүмкін.