Алматының Бостандық ауданындағы "Оңтүстік" саябағында қайта өңделген пластиктен жасалған орындықтар аллеясы ашылды.
Аллеяны жасау үшін жалпы салмағы шамамен 250 келі болатын 120 мыңнан астам пластик қақпақша жиналды. Олардың барлығын Алматы мектеп оқушылары "Мейірімді қақпақша" экологиялық жобасы аясында жинаған. Сұрыптау мен дайындаудан кейін қақпақшалар ECO Network ұйымының "Эко-Хабына" қайта өңдеуге жіберіліп, екінші шикізаттан жаңа аллеяға арналған 11 орындық дайындалды.
Сурет: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
ECO Network жобасының негізін қалаушы Евгений Мұхамеджанов орындықтарды жасау тұрғындардың, оқушылардың, еріктілердің және серіктес ұйымдардың бірлескен еңбегінің нәтижесі екенін айтты.
"Бұл орындықтар қалдықтарды бөлек жинаудың нақты нәтиже беретінін көрсетеді. Мыңдаған адам қақпақшаларды жинауға қатысып, олар кейін қайта өңделіп, қалалық ортаның толыққанды элементтеріне айналды. Бұл жоба басқа компаниялар мен қала тұрғындарын да экологиялық бастамаларды қолдауға шабыттандырады деп сенеміз", — деді ол.
Сурет: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
Сонымен қатар, аллея аумағында пластик бөтелкелер мен алюминий банкаларды жинауға арналған алма пішініндегі арнайы тор орнатылды. Жақын маңдағы университеттердің студенттері оны күтіп ұстауға және қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін насихаттауға қатысуға дайын екендерін білдірді.