Соның салдарынан жалпы құны 1,1 млрд теңгеден асатын мемлекеттік сатып алу рәсімдері тоқтатылды.
Заң бұзушылықтар қаланы қысқы және жазғы кезеңде күтіп-ұстау жұмыстарының көлемін қалыптастыру және жоспарлау барысында анықталған.
Прокуратура мәліметінше, лауазымды тұлғалар сметалық құнын негізсіз көтеріп, жоспарларға артық әрі экономикалық тұрғыдан негізделмеген жұмыс көлемдерін енгізген. Сондай-ақ заң талаптарына сәйкес келмейтін және бәсекелестік ортаны шектейтін талаптар қойған.
"Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде жалпы сомасы 1,1 млрд теңгені құрайтын 9 мемлекеттік сатып алу рәсімінің күші жойылды. Сметалық құн төмендетіліп, бюджеттен негізсіз жұмсалуы мүмкін 386 млн теңге шығыс қысқартылды. Бұл мемлекеттік қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берді", – деп хабарлады прокуратура 2026 жылғы 4 маусымда.
Бюджет шығындарын негізсіз ұлғайту әрекеті қала басшылығы үшін салдарсыз қалған жоқ. Заңдылық талаптарын бұзғаны үшін Степногорск әкімінің орынбасары мен мемлекеттік активтер бөлімінің басшысы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.