Істі Жетісу облысының Алакөл аудандық соты қарады.
Сотпен анықталғандай, Алакөл ауданының тұрғыны жәбірленушімен бірнеше ай бойы оның еркіне қарсы "Сені сүйемін, жарым болшы" – деп психологиялық зиян, қорқыныш және мазасыздықпен ұштасатын заңсыз қудалау әрекеттері арқылы байланыс орнатуға әрекет жасаған, сондай-ақ, интернет желісіндегі парақшаларын тауып алып, оған тұрақты түрде хабарламалар жолдап, мазасыздық туғызған.
"Бұдан бөлек, жергілікті дүкенде жәбірленушіні балағаттап, ар-намысын қорлаған. Осы сәтте, дүкен ішінде тұрған куәгер азамат айыпталушыға ескерту жасап, қызбен олай сөйлеспеуін сұраған. Сотталушы алған ескертуге ашуланып, тұрғылықты үйіне барып пышақты алып, дүкенге кері қайтып, қолында тұрған пышақпен куәгерге қарай сермеп, күш қолдану қатерін төндіріп, қоғамдық тәртіпті бұзған",- делінген соттың ақпаратында.
Сот отырысында жәбірленушілердің айғақтары, куәлардың жауаптары, сараптама қорытындылары және іс материалдары зерттелді. Кешенді сот-психолого-психиатриялық сараптаманың қорытындысына сәйкес, сотталушы "Параноидты шизофрения" диагнозымен психикалық ауруға шалдыққан.
Сарапшылар оның қоғамдық қауіпті іс-әрекеттерді жасаған кезде өз әрекеттерінің нақты сипаты мен қоғамдық қауіптілігін ұғына алмағанын және оларды басқара алмағанын анықтаған.
Осыған байланысты сот оны қылмыстық жауаптылықтан босатып, оған қатысты жалпы үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу түріндегі медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын тағайындады.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.