Оның айтуынша, қылмыстық іс қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігінің тергеу департаментінде қаралуда.
"Алматыға аса маңызды істер жөніндегі аға тергеуші іссапармен жіберілді. Сараптама нәтижелері мен қылмыстық іс материалдарының бір бөлігі халықаралық тергеу тапсырмасы арқылы Қытай Халық Республикасына жолданды. Қытай әріптестерімізден жауап күтіп отырмыз", – деді ол.
Сондай-ақ ол қайтыс болған күні марқұммен бірге болған қыздардың мәртебесіне қатысты сұраққа да жауап берді.
"Аталған қылмыстық іс бойынша әзірге ешкім күдікті ретінде танылған жоқ. Тергеу қолданыстағы Қылмыстық-процестік кодекс нормаларына сәйкес жалғасуда. Халықаралық тергеу тапсырмасы ҚХР-ға жіберілді, себебі ол бұрын Қытай Халық Республикасында оқып, тұрған", – деп нақтылады вице-министр.
Айта кетейік, 2025 жылғы 28 мамырда Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақнар Гүлстанның Алматыдағы өліміне қатысты айтылған барлық уәждер толық тексеріліп жатқанын, сондай-ақ істі жеке бақылауында ұстап отырғанын мәлімдеген болатын.