Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі 2026 жылғы 12 маусымда хабарлады.
"Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды", – делінген құжатта.
Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.
2026 жылғы 28 мамырда Сенаттың жалпы отырысында сенатор Андрей Лукин қылмыстық заңнамаға пара ұсыну, пара беруге уәде ету және пара талап ету, сондай-ақ заңсыз сыйақы алуға арандату үшін жауапкершілікті көздейтін нормалар енгізілетінін мәлімдеген болатын.
Сондай-ақ жекелеген сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін әкімшілік жауапкершілік күшейтіледі. Атап айтқанда, мүдделер қақтығысын реттеу жөнінде шара қабылдамау, сыбайлас жемқорлық қылмыстары туралы хабарламау және заңсыз материалдық сыйақы беру әрекеттері үшін жауапкершілік қатаңдатылады.
Бұдан бөлек, оның айтуынша, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамдарға теңестірілетін тұлғалар қатары кеңейтіледі. Сонымен бірге жақын туыстар мен өзге де байланысты тұлғалардың бірлесіп қызмет атқаруына қатысты шектеулер күшейтіліп, ішкі сыбайлас жемқорлыққа қарсы бақылау тетіктері жаңғыртылады.