Президент дәрігерлерге күш көрсеткен адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы шешімнің заңдық негізі бар екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, денсаулық сақтау саласында бүгінде 280 мыңнан астам маман еңбек етеді. Олардың мәртебесі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттің басым міндеттерінің бірі.
"Қазіргі таңда денсаулық сақтау жүйесінде 280 мыңнан астам маман қызмет етеді. Олардың мәртебесін көтеру және беделін күшейту еліміз үшін басымдыққа ие міндет болып қала береді", – деді Мемлекет басшысы.
Президент дәрігерлердің қауіпсіздігін қорғау бағытындағы жұмыстарға ерекше мән берілетінін жеткізді.
"Дәрігерлердің қауіпсіздігін қатаң қадағалау жұмысы айрықша назарда болуға тиіс", – деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, осы жылдың басында медицина қызметкерлеріне күш көрсеткен адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы заңға қол қойылған.
"Сол себепті мен осы жылдың басында медицина қызметкерлеріне күш көрсеткен адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы Заңға қол қойдым. Бұл шешім қоғамымызда берік орнығып жатқан Заң мен тәртіп қағидатына толық сай келеді", – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы қоғамдық орындардағы әдеп пен мәдениеттің маңызын да көтерді. Оның айтуынша, құқықтық мемлекет болу тек заңда жазылған қағидамен шектелмейді.
"Қазақстан – құқықтық мемлекет. Бірақ құқықтық ел болу Ата заңда ғана бекітіліп қойған қағидат емес. Құқық күнделікті күйбең тірліктен басталуы қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент азаматтардың қоғамдық ортадағы мінез-құлқы мен мәдениеті елдің дамуын көрсететін маңызды фактор екенін атап өтті.
"Өркениетті мемлекет құру үшін бірінші кезекте халықтың мәдениеті жоғары болуға тиіс", – деді ол.
Мемлекет басшысы жаңа этикалық нормаларды қалыптастыру қажеттігін айтып, бұл бағытта медицина қызметкерлерінің қоғамға үлгі бола алатынын жеткізді.
"Біз осы құндылықтарды кеңінен дәріптеу арқылы қоғамда жаңа этикалық нормаларды орнықтыруымыз қажет. Бұл – баршамызға ортақ міндет. Медицина қызметкерлері осы өте маңызды мәселе бойынша бүкіл қоғамымызға үлгі көрсетуі керек", – деді Президент.