Президенттің айтуынша, заманауи технологиялардың дамуы қоғамда алауыздық туғызатын "ботофермалардың" көбеюіне жол ашқан. Сонымен қатар жалған ақпарат тарату, адамды қаралау және шындықты бұрмалау сияқты қауіпті құбылыстар белең алып келеді.
"Қоғамның ынтымақ-бірлігіне сына қағып, мемлекеттік институттардың беделіне нұқсан келтіру үшін жасанды интеллект құралдары қолданылады. Танымал тұлғалардың жасанды цифрлық бейнелерін түпнұсқадан ажырату мүмкін емес. Мұндай технологияларды түрлі алаяқтар мен деструктивті күштер белсенді пайдаланады, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев осыған байланысты журналистердің жауапкершілігі арта түскенін айтып, медиа өкілдері мемлекеттің гибридті қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимылына белсенді атсалысуы қажет екенін атап өтті.
Сонымен қатар Президент Қазақстанда сөз бостандығы мен пікір алуандығын қамтамасыз ету үшін барлық жағдай жасалғанын айтты.
"Елімізде пікір алуандығы мен сөз еркіндігі бар, ал цензураға заң жүзінде тыйым салынған. Алайда сөз бостандығы жүгенсіздікке және тәртіпсіздікке жол беру деген сөз емес, – деді ол.
Мемлекет басшысы азаматтардың жалған ақпаратқа ермеуі үшін медиасауаттылық деңгейін арттыру маңызды міндет екенін жеткізді. Оның пікірінше, қоғам қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, заңсыз ақпаратты жедел анықтау және бұғаттау тетіктерін дамыту қажет.
Президент сондай-ақ құқықтық нигилизмге, радикализмге және ұлттық құндылықтарға қайшы келетін идеологияларды насихаттауға қарсы күресті күшейтудің маңызын атап өтті.
"Біз Заң мен тәртіпке бағынатын ел ретінде құқықтық нигилизмге, әсірешілдікке, яғни радикализмге және халқымыздың болмысына жат құндылықтарды насихаттауға түбегейлі тосқауыл қоюымыз керек. Бұл – өте маңызды міндет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.