Мәди Такиев 2025 жылғы бюджеттің орындалуы туралы: Тиісті қорытындылар жасалды

Фото: primeminister.kz
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Мәди Такиев 2026 жылғы 26 маусымда 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті қарау қорытындысы бойынша Парламент депутаттарымен бірлесіп тиісті қорытындылар жасалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекіту мәселесі қаралып жатыр.

"Үкіметтің "2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы" есебі Парламент палаталарында қаралып, талқыланды. Парламент депутаттарымен бірлескен жұмыс нәтижесінде тиісті қорытындылар жасалды. Негізгі басымдықтар өзгеріссіз қалады. Олар – экономиканың сапалы өсуі, азаматтардың табысын арттыру, мемлекеттік қаржының тұрақтылығын қамтамасыз ету және әлеуметтік міндеттемелерді орындау, – деді Мәди Такиев.

Сондай-ақ министр өткен жылдың негізгі экономикалық көрсеткіштерін атады.

"2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 6,5%-ға өсті. Ақшалай мәнде жалпы ішкі өнім 14,7 млрд АҚШ долларына ұлғайды. Салыстыру үшін айтсақ, 2024 жылы ЖІӨ өсімі 5% болған. Инфляция деңгейі 12,3%-ды құрады. Орташа айлық жалақы 442 мың теңгеге жетті, ал жұмыссыздық деңгейі жыл бойы 4,6% болды. Жалпы ішкі өнімдегі еңбекақы үлесі шамамен 30%-дан асты. Бұл – Орталық Азиядағы жоғары көрсеткіш. Біздің мақсатымыз – әлемдік орташа деңгей саналатын 40%-ға жету. Осыған байланысты Үкімет халықтың табысын арттыру үшін кешенді шаралар қабылдап жатыр, – деді министр.

Оның айтуынша, бұл шаралар қаржылық, салықтық және басқа да ынталандыру тетіктерін қамтиды.

"Бұл шаралар жалақыны арттыруға, лайықты еңбекақы төленетін жұмыс орындарының санын көбейтуге, азаматтардың кәсіби дағдылары мен біліктілігін дамытуға, сондай-ақ халықтың қаржылық жүктемесін азайтуға бағытталған. Мемлекеттік борыш белгіленген шек аясында сақталып отыр. Жыл қорытындысы бойынша оның көлемі ЖІӨ-нің 22,8%-ын немесе 36,4 трлн теңгені құрады. 2025 жылдың соңында Ұлттық қордың активтері 73,8 млрд АҚШ долларына жетті. Оның ішінде валюталық портфельдің активтері – 63,9 млрд АҚШ доллары. 2026 жылы "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы аясында әр балаға 130,71 АҚШ доллары есептелді. Үш жыл ішінде жалпы есептелген сома 370,56 АҚШ долларын құрады, – деді Мәди Такиев.

Министрдің айтуынша, қаражаттың сақталуын, өтімділігін және инвестициялық табыс әкелуін қамтамасыз ету мақсатында Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп талап етілмеген қаражатты басқару тетігін әзірлеп жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін, 2026 жылғы 10 маусымда Мәди Такиев бюджеттің орындалуына әсер еткен негізгі факторлар туралы айтқан болатын.

Ал Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов Қазақстанда бюджетті жоспарлау мен бюджет тапшылығына қатысты мәселелер әлі де сақталып отырғанын мәлімдеген еді.

Қазақстан
Астана
Такиев Мәди

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Қызылорда облысында екі ірі есірткі алқабы анықталды

Қазақстандағы орташа жалақы 460 мың теңгеден асты

Қазақстанның жаңа Конституциясының толық мәтіні жарияланды

Алматыда ер адам бірге ішімдік ішкен танысын пышақтап кетті

Қазақстанда жалған психологтармен күрес күшейтіледі: Сенат жаңа заңды мақұлдады