Журналистер бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығы өнімдерінің өзіндік құнында жемшөп шығындарының үлесі жоғары екенін, ал оны өндіру үшін жанар-жағармай қажет екенін айтқанын еске салды. Осыған байланысты олар мал азығын дайындауға жанар-жағармай жеткілікті ме және ет бағасының қолжетімді деңгейде сақталуына үміт бар ма деген сұрақ қойды.
"Энергетика министрлігі үнемі нақтылап отырады: бұл – субсидия емес, мемлекеттің қолдау шарасы. Яғни жанар-жағармай субсидияланбайды, бірақ арзандатылған бағамен жеткізіледі. Егер жемшөп өндірісі көктемгі егіс немесе егін жинау науқаны аясында жүргізілсе, онда ол қажетті жанар-жағармаймен қамтамасыз етіледі. Ал табиғи жайылымдар мен шабындықтарда дайындалатын мал азығына да осы арзандатылған жанар-жағармайды шөп шабуға пайдалануға болады, – деді Азат Сұлтанов.
Оның айтуынша, осының есебінен шығынның бір бөлігі мемлекет тарапынан азайтылады.
"Сондықтан қазіргі жағдайда бағаның күрт өсуін болжап отырған жоқпыз. Дегенмен, өздеріңіз дұрыс айтып отырсыздар, жемшөп өндірісі шығындардың елеулі бөлігін құрайды. Бұған қоса, қайта өңделген азық-түлік өнімдерін өндіруде де жанар-жағармай шығындары бар. Мәселен, нан бағасының небәрі 1 пайызы ғана астық құнына байланысты. Бұдан бөлек, логистика сияқты басқа да шығындар бар, онда да жанар-жағармай пайдаланылады, – деп толықтырды вице-министр.
Бұған дейін Азат Сұлтанов көршілес Ресейдегі жанар-жағармай нарығындағы дүрлігу жағдайында Қазақстанда аграрларды отынмен қалай қамтамасыз етіп жатқанын түсіндірген болатын.
Сондай-ақ Қазақстанда сиыр етін экспорттауға қойылған шектеулердің мерзімі ұзартылатыны белгілі болды.