Президенттің айтуынша, жаңа Конституцияда табиғи байлық азаматтардың бастапқы капиталы ретінде бекітілді. Оның сөзінше, Қазақстан бұл бастаманы жүзеге асырған өңірдегі алғашқы мемлекет болды.
"Біз арнайы конституциялық нормаға сүйене отырып, табиғи байлықты азаматтардың бастапқы капиталы ретінде бекіттік. Қазақстан – осындай бірегей бастаманы іске асырған аймақтағы алғашқы мемлекет", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәліметінше, осы қағидаттың нақты көрінісі – "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы.
""Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы – соның айқын дәлелі. Бұл жобаның тиімділігі жоғары: үш жылдың ішінде 6,5 миллион баланың есепшотына 2,3 миллиард доллар аударылды", – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы әлеуметтік қолдау шараларының жалғасы ретінде "Келешек" жинақтау жүйесі іске қосылғанын атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет дарынды балаларды, оның ішінде халықаралық олимпиада жеңімпаздарын жүйелі түрде қолдай бастады.
Президент мұндай бастамаларды елдің болашағына салынған инвестиция деп бағалады.
"Болашаққа инвестиция салу дегеніміз де – осы. Ал, айналамызда, яғни Еуразия құрлығында қай мемлекет әлеуметтік мақсаттарға осыншама қомақты қаражатты бөліп беріп жатыр? Жауап белгілі сияқты", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.