Mass Alert жүйесі, 70 сейсмикалық станция, халықты қабылдау пункттері: Алматы зілзалаға қалай дайындалуда

Сурет: Алматы әкімдігі
Алматы жоғары сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан. Сондықтан қала жер сілкінісі, көшкін, өрт және техногендік апаттар сияқты кез келген төтенше жағдайға дайын болуы тиіс.

Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы Zakon.kz тілшісіне Алматы қаласы Жұмылдыру даярлығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Ерік Жұмабай айтып берді.

Ерік Жұмабайдың айтуынша, бүгінде Алматыда жер сілкінісі туралы ерте ескерту жүйесі кешенді түрде жұмыс істейді.

"Қалада жер сілкінісін ерте анықтайтын 30 сейсмикалық станция орнатылған. Қазір жүйеге тағы 40 станцияны қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл станциялар қалалық дабыл сиреналарымен және Mass Alert жедел хабарлау жүйесімен біріктірілген. Соның арқасында төтенше жағдай туралы хабарламалар байланыс операторына қарамастан тұрғындардың ұялы телефондарына бірнеше секундтың ішінде жеткізіледі", – деді ол.

Сонымен қатар, Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеулер ғылыми орталығымен бірлесіп, өңірдегі сейсмикалық жағдай тұрақты бақылауда ұсталып отыр. Мамандар сейсмикалық станциялардан түсетін мәліметтерді талдап, ықтимал қауіп-қатерлерді алдын ала бағалайды. Соңғы зерттеулердің қорытындысына сәйкес, Алматыдағы сейсмикалық жағдай әзірге тұрақты.

Маңызды жобалардың бірі – Қазақстан-Қытай бірлескен жер сілкінісін зерттеу орталығын құру. Бұл орталық заманауи ғылыми алаңға айналып, сейсмикалық қауіп-қатерді азайту бағытында бірлескен зерттеулер жүргізетін болады.

"Тағы бір маңызды жоба – Қазақстандағы алғашқы симуляциялық оқу-әдістемелік орталықтың құрылысы. Мұнда тұрғындар тек дәріс тыңдап қана қоймай, арнайы тренажерлар мен VR-технологиялардың көмегімен жер сілкінісі, өрт, сел және басқа да төтенше жағдайлар кезінде қалай әрекет ету керектігін іс жүзінде үйренеді", – деді Ерік Жұмабай.

Бұдан бөлек, 2035 жылға дейінгі тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың сейсмотұрақтылығын арттыру жоспарын іске асыру басталды.

"2035 жылға дейін сейсмикалық тұрғыдан қауіпсіз емес деп танылған 51 көпқабатты тұрғын үйдің беріктігі күшейтіледі. Сонымен қатар коммуналдық меншіктегі 82 нысанға жан-жақты инженерлік тексеру жүргізіліп, кейін олар да сейсмикалық тұрғыдан нығайтылады", – деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ спикер төтенше жағдай болған жағдайда тұрғындарды қабылдау жүйесінің дайындығы туралы да айтты.

"Мұндай жүйе қазірдің өзінде құрылған. Қаланың барлық ауданында зардап шеккен тұрғындарды қабылдауға арналған 384 қабылдау пункті жұмысқа дайын. Өткен жылы жалпы 20 мың адамды орналастыруға арналған 100 модульдік ғимарат орнатылды. Биыл тағы 50 модульдік ғимарат қойылады. Соның нәтижесінде бір мезетте қабылданатын адамдар саны 30 мыңға дейін артады. Барлық қабылдау пункттері шатырлармен, электр генераторларымен, далалық асүйлермен, тіршілікті қамтамасыз ету құралдарымен және төтенше жағдайдан кейінгі алғашқы сағаттарда адамдарды орналастыруға қажетті басқа да жабдықтармен қамтамасыз етіледі", – деді ол.

Айта кетейік, жер сілкінісі Алматы үшін жалғыз қауіп емес. Сондықтан мамандар көшкін қаупі жоғары аумақтарды зерттеу және нығайту жұмыстарын да жалғастырып жатыр. Өткен жылы ең қауіпті 9 учаскеде тиісті жұмыстар жүргізілсе, биыл тағы 10 қауіпті аумақта осындай жұмыстар атқарылады.

Еске салсақ, 24 маусымда Венесуэлада 7,2 және 7,5 болатын екі күшті жер асты дүмпуі тіркелді. Апат салдарынан 1 430 адам қаза тауып, 3 238 адам жарақат алған. Сондай-ақ 3 142 отбасы баспанасыз қалып, қазіргі уақытта арнайы уақытша паналау орындарында қажетті көмек алып жатыр.

Қазақстан
Алматы
Алматы қаласының әкімдігі

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрамының тізімі жарияланды

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің функциялары кеңейді

Қазақстанның жаңа Конституциясының толық мәтіні жарияланды

Қазақстандықтарға несие алаяқтығынан қорғану үшін маңызды қызметті дереу іске қосуды ұсынды

Тереңнен тамыр тартқан мемлекеттігіміздің жаңа кезеңіне қадам басқалы тұрмыз – Тоқаев