Жеңіл жұмыс, қомақты қаржы: Жастар өз өмірлеріне қалай балта шабуда

Сурет: pexels
Астанада соңғы кезде "жеңіл жолды" табыс көзіне айналдырған жастардың саны артуда. Олардың арасында екі баласы бар 22 жастағы әйел де бар. Бұл тұрғыда есірткі қылмысына қарсы мемлекеттік органдар қандай жұмыс атқаруда, толығырақ Zakon.kz ақпаратында.

Соңғы ұсталғандардың бірі – екі баласы бар 22 жастағы әйел. Ол алдағы өз өмірін қойғанда, балаларының өмірін тәуекелге байлап, есірткі таратуды табыс көзіне айналдырған.

Полицияның айтуынша, мұндай жағдайлар қазір жиі кездеседі. Интернет арқылы есірткі бизнесіне студенттерді, басқа қаладан келген жастарды, бозбала мен бойжеткендерді тартады. Оларға "жеңіл жұмыс" ұсынып, үлкен ақша уәде етеді, бірақ оның артында қылмыстық жауапкершілік бар екенін жасырып қалады.

"Бұрын ұсталғандардың арасында көбіне 40–50 жастағы әйелдер болатын. Қазір, өкінішке қарай, есірткі қылмысына тартылатындардың жасы төмендеп барады. Таратушылардың "мансап жолы" әдетте бір-екі ай, кейде алты айға дейін ғана созылады", – деді Астана қаласы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Алия Кибатқызы.

Оның айтуынша, соңғы жылдары жастар арасында каннабис-опиоид тобына жататын есірткіге сұраныс азайған. Оның орнына синтетикалық заттар келген. Олар сайттар, мессенджерлер және анонимді аккаунттар арқылы сатылады.

2026 жылдың басынан бері Астанада 300-ден астам есірткіге қатысты құқық бұзушылық тіркелген. 100-ден астам қылмыстық іс есірткі таратушыларға қатысты қозғалған. Заңсыз айналымнан 100 килограмнан астам есірткі тәркіленген, оның ішінде 10 килограмы синтетикалық заттар.

Астана полиция департаменті (ПД) бүгінгі күндегі ең үлкен қауіп тек есірткінің өзі емес, сонымен қатар адамдарды заңсыз нарыққа тарту тәсілдері екенін айтады. Қазір есірткі бұрынғыдай қолма-қол берілмейді. Ол үшін тек смартфон, анонимді чат және оңай табыс туралы уәде жеткілікті.

Алия Кибатқызының айтуынша, алдын алу жұмыстары да қазір көп жағдайда интернетке көшкен. Полицейлер әлеуметтік желілерде видеороликтер жариялайды, үлкен аудиториясы бар блогерлерді тартады, ұсталған "таратушылармен" сұхбаттар түсіреді. Осындай жобалардың бірі – "Аналардың көз жасы" атты фильм.

Елорда полициясы есірткі таратуға қатысы бар 400-ден астам интернет-ресурсты бұғаттауға жіберген. Сонымен қатар құқық қорғау органдары заңсыз әрекеттен түскен ақша аударылатын банк карталары мен шоттарды да бұғаттап жатыр.

Жастардың есірткі ортасына тартылуы мәселесі маусым айының соңында Астана қалалық психикалық денсаулық орталығында өткен Ашық есік күнінде талқыланды. Іс-шара Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығымен бірлесіп ұйымдастырылды. Мұнда қала тұрғындары психиатр, нарколог және психолог мамандардан кеңес ала алды, ал мамандар алдын алу, емдеу және оңалту туралы ақпарат берді.

Астана қалалық психикалық денсаулық орталығының директоры Қуаныш Алтынбеков мұндай кездесулердің негізгі мақсаты – адамдарға қайда жүгіну керектігін түсіндіру екенін айтты.

"Ең маңыздысы – адам да, оның жақындары да проблемамен жалғыз қалмауы керек. Мамандарға неғұрлым ерте жүгінсе, соғұрлым ауыр салдардың алдын алып, емдеуді ерте бастауға мүмкіндік көп болады", – деді ол.

№6 бөлімше меңгерушісі Асель Джузенова есірткіге тәуелділік ең күрделі медициналық-әлеуметтік мәселелердің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, мамандар қазір бір ғана затты қолданудан гөрі бірнеше затты қатар қолдану жағдайларымен жиі кездеседі.

"Жастар бір уақытта ішімдік, никотин өнімдері, вейп, энергетикалық сусындар және есірткі қолдануы мүмкін. Мұндай қоспа ағзаға түсетін уытты жүктемені күшейтіп, тәуелділіктің тез қалыптасуына әкеледі", – деді Асель Джузенова.

Мамандарды ерекше алаңдататын мәселенің бірі – есірткіге тәуелді адамдардың жасының жасарып бара жатқаны. Себебі жасөспірімдердің миы әлі толық қалыптасып үлгермейді, өзін-өзі бақылау және қауіп-қатерді бағалау қабілеті толық дамымаған. Сондықтан кәмелетке толмағандар мен жастарда тәуелділік әлдеқайда тез қалыптасып, оның салдары ұзақ уақыт сақталуы мүмкін.

"Біздің жұмыс тек емдеумен ғана шектелмейді. Қауіп факторларын ерте анықтау, алдын алу шараларын жүргізу, жасөспірімдерге, ата-аналарға және мұғалімдерге түсіндіру жұмыстарын жүргізу өте маңызды. Адам мамандарға неғұрлым ерте жүгінсе, оның қалыпты өмірін сақтап қалу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады", – деді Асель Джүзенова.

Астана қалалық психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары Алмагүл Айтжанованың айтуынша, қазіргі таңда орталықтың есебінде шамамен 1000 адам тұр. Алайда бұл нақты көрсеткіш емес. Себебі Астанада көптеген жекеменшік оңалту орталықтары жұмыс істейді, оларға ересектермен қатар кәмелетке толмағандар да жүгінеді.

"Нақты мәліметтерді жаңарту үшін жекеменшік оңалту орталықтарымен бірлесіп жұмыс істеп, көмекке жүгінген адамдардың саны туралы ақпарат алуды жоспарлап отырмыз", – деді ол.

Қалалық психикалық денсаулық орталығында емдеу алдымен ағзаны уыттан тазарту (детоксикация) емінен басталады. Бұл кезең орта есеппен үш аптаға созылады. Одан кейін науқас психотерапия және оңалту курсынан өтеді. Бұл кезең шамамен бір жарым-екі айға дейін жалғасады. Егер науқастың емделуге ынтасы болса, оны Павлодар қаласындағы Психикалық денсаулық республикалық ғылыми-практикалық орталығының филиалына жіберуі мүмкін. Онда психоәлеуметтік және еңбекке бейімдеу бағытындағы оңалту жүргізіледі.


"Онда "Асар" әлеуметтік оңалту бөлімі жұмыс істейді. Бұл жерде науқастар жақсы нәтижеге қол жеткізіп, ұзақ мерзімді ремиссияға шығады. Кейін олардың кейбірі кеңесші болып, біздің орталықтарда қызмет атқарады. Олар өз өмірлік тәжірибесі арқылы басқа пациенттерге өмір мұнымен бітпейтінін, емделіп, қалыпты өмірге оралуға, отбасы құрып, қоғамға қайта бейімделуге болатынын көрсетеді. Егер адам үш жыл бойы тұрақты ремиссияда болып, барлық тексеру нәтижелері теріс шықса, қайта ауруханаға түспесе, полиция тарапынан жағымды мінездеме алып, қоғамға толық бейімделсе, онда ол диспансерлік бақылаудан шығарылады", – деді Алмагүл Айтжанова.

Мамандардың айтуынша, психиатр-наркологтың есебінде тұру адамның жұмысқа орналасуына автоматты түрде тыйым салмайды. Белгілі бір мамандық бойынша жұмыс істеуге рұқсат беру мәселесін дәрігерлік комиссия науқастың психикалық жағдайы мен медициналық қарсы көрсетілімдерін ескере отырып шешеді.

Қазақстан
Астана

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енеді

Қостанайда вагонның төбесіне шыққан жасөспірімді тоқ соқты

Алматыда ауыр жол апаты болды. Адамдар зардап шегіп, жеке үй мен электр бағаны да бүлінді

Оралда Lada Priora көлігін ұрлап, қашқандар видеоға түсіп қалған

Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрамының тізімі жарияланды