2026 жылғы 9 шілдеде жарияланған мәліметке сәйкес, трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың заңсыз әрекетін Жамбыл облысы бойынша ҚМА департаментінің қызметкерлері прокуратураның үйлестіруімен әшкерелеген.
"Тергеу барысында Жамбыл облысының тұрғыны Қырғыз Республикасынан темекі өнімдерін жеткізу арнасын ұйымдастырып, кейін оларды өзіне бағынысты адамдар желісі арқылы өткізгені анықталды. Контрафактілі өнімдер Тараз қаласындағы сауда орындары арқылы сатылып, сондай-ақ Алматы, Шымкент қалаларына және Қарағанды, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан мен Түркістан облыстарына жеткізілген", – делінген ҚМА хабарламасында.
Ведомствоның мәліметінше, тергеу аясында 30-дан астам тінту жүргізіліп, заңсыз айналымнан құны 293 млн теңге болатын таңбаланбаған темекі өнімдерінің 319 мыңнан астам қорабы тәркіленген. Ал төленбеген акциздердің жалпы сомасы 115 млн теңгені құраған.
"Трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында өнімді жеткізу мен өзара есеп айырысуды қамтамасыз еткен Қырғыз Республикасының азаматтары болған. Қаржы ағындарын жасыру үшін қылмыстық схемаға қатысушылар банк жүйесінде тіркелмейтін бейресми "Хавала" ақша аудару жүйесін пайдаланған", – деп мәлімдеді ҚМА.
Агенттік мәліметінше, сот санкциясымен темекі өнімдерін тасымалдауға пайдаланылған үш автокөлікке тыйым салынды.
"Бес күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр", – деп хабарлады ведомство.
ҚМА Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайтынын атап өтті.
Еске салайық, 2026 жылғы 7 шілдеде ҰҚК 2024 жылдан бері Қазақстанға әкелуге тыйым салынған, құны жарты миллиард теңгеден асатын вейптердің ірі партиясының заңсыз әкелінуіне тосқауыл қойғаны белгілі болған еді.