Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылғы 9 шілдеде Алматыда бір күнде екі жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан жаяу жүргіншілер қаза тапқан.
"Жаяу жүргіншілер де, жүргізушілер де – жол қозғалысының толыққанды қатысушылары. Алайда көптеген адам әлі күнге дейін өз өміріне қауіп төндіріп, жолды белгіленбеген жерден кесіп өтеді, қауіпсіздікке көз жеткізбей көлік жолына шығады немесе бағдаршам сигналдарын елемейді", – делінген Алматы ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.
Құқық қорғау органдарының айтуынша, мұндай салғырттықтың салдары тым ауыр.
2026 жылдың басынан бері Алматыда жаяу жүргіншілерді қағып кетуге байланысты 24 жол апаты тіркелген.
"Осы жол-көлік оқиғаларының салдарынан 23 адам жарақат алып, екі адам қаза тапты. Сонымен қатар, апаттардың едәуір бөлігі жаяу жүргіншілердің өз кінәсінен болған. Полиция жол қозғалысының әрбір қатысушысын барынша мұқият болуға шақырады. Жол қателікті кешірмейді. Кейде бір ғана ойланбай жасалған қадам бірнеше адамның тағдырын бір сәтте өзгертуі мүмкін", – деп атап өтті Алматы ПД баспасөз қызметі.