10 шілдеде Көкшетау қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызбен жүгінді. Ол телефоны мен ақша қаражатының жоғалғанын хабарлаған. Келтірілген шығынның жалпы көлемі шамамен 2,6 млн теңгені құрады.
Тергеу барысында полицейлер 2007 жылы туған жәбірленушінің iPhone 15 ұялы телефоны жоғалғанын анықтады. Алдын ала мәліметке сәйкес, құрылғыда орналасқан банктік қосымша арқылы депозиттік шотта шамамен 2 млн теңге сақталған.
Анықталғандай, оқиғаға дейін жас жігіт танысымен бірге уақыт өткізген. Келесі күні таңертең ол танысымен байланыса алмаған. Кейін жәбірленуші ұялы телефонының жоғалғанын және депозиттік шотынан ақша шешіліп алынғанын байқаған.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтады.
Алдын ала ақпарат бойынша, күдікті иемденген ақша қаражатын құмар ойынға жұмсап, ұтылып қалған. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты анықталуда.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Тергеу нәтижесіне сәйкес қолданыстағы заңнамаға сай тиісті процессуалдық шешім қабылданады.