Астанада саябақтар мен скверлерде ауқымды рейдтер басталды

Сурет: Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Астанада "Заң және тәртіп" қағидаты мен республикалық "Таза Қазақстан" экологиялық бастамасы аясында саябақтар мен скверлерде ауқымды профилактикалық рейдтер басталды. Алғашқы іс-шара бүгін Ботаникалық бақта өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Әкімдіктің мәліметінше, мұндай рейдтер алдағы уақытта елорданың барлық саябақтарында, скверлерінде және өзге де қоғамдық орындарында тұрақты түрде өткізілетін болады.

Рейдке Есіл ауданы әкімдігінің қызметкерлері, Астана қаласы Полиция департаментінің өкілдері және қоғам белсенділері қатысты.

Іс-шара барысында абаттандыру қағидаларын бұзудың алдын алуға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар Ботаникалық бақ аумағында заңсыз сауда жасау мен балаларға арналған электрлі көліктерді рұқсатсыз жалға беру фактілерін болдырмау жұмыстары жүргізілді. Әкімдік мұндай қызметтің рұқсат құжаттарынсыз жүзеге асырылуы тұтынушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін екенін атап өтті.

Мамандардың айтуынша, ең алдымен тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

"Біз полиция қызметкерлерімен бірлесіп түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Тұрғындарға Ботаникалық бақ аумағында қоқыс қалдыруға және пикник ұйымдастыруға болмайтынын түсіндіреміз. Бұл – ойын-сауық саябағы емес, мұнда сирек кездесетін өсімдіктер өседі. Мұнда балалармен серуендеп, таза ауа жұтуға болады. Егер құқық бұзушылық қайталанса, полиция қызметкерлері абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік айыппұл салады", – деді Есіл ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Алдауов.

Ал қоғамдық кеңістіктердегі бақылаудың құқықтық негізі туралы Астана қаласы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Еркін Жанәбіл айтты.

"Жыл басынан бері Ботаникалық баққа іргелес аумақта абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін 700-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. ӘҚБтК-нің 505-бабының бірінші бөлігіне сәйкес ескерту немесе 20 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Сондай-ақ белгіленбеген орындарда сауда жасағаны үшін 300-ден астам адам жауапкершілікке тартылды. Бұл құқық бұзушылық үшін 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады", – деді Еркін Жанәбіл.

Әкімдіктің мәліметінше, елорда аумағында абаттандыру қағидаларын бұзу және заңсыз сауда фактілерін анықтауға бағытталған рейдтік іс-шаралар күн сайын өткізіледі.

Қазақстан
Астана

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Тоқаев суррогат ана қызметіне тапсырыс бере алатын азаматтарға қатысты заңға қол қойды

Қазақстанда жаңа Конституция күшіне енді: өзгерістер хронологиясы

Денсаулық сақтау министрлігі аптап ыстыққа байланысты қазақстандықтарға ескерту жасады

Алматы мен Шымкентте аптап ыстыққа байланысты көшелерге су себіліп жатыр

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға арналған кітап жарық көрді