Музей-қорықтар – мәдени туризмді дамытудағы маңызды орталықтардың бірі. Әрқайсысы археологиялық ескерткіштер, тарихи орындар, мемориалдық кешендер мен ашық аспан астындағы бірегей мұра нысандарын біріктіреді. Осындай бағыттардың қатарында Жошы хан мен Алаша хан кесенелері, Теректі әулие және Әулиетау орналасқан Ұлытау, "Әзірет Сұлтан" музей-қорығы мен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан Түркістан, сондай-ақ мыңдаған көне петроглифтерімен танымал Таңбалы музей-қорығы бар.
"Экскурсия жүргізумен қатар, тарихи-мәдени мұраны сақтау ісі де жүйелі түрде жалғасып келеді. Тарихи ескерткіштерде ғылыми зерттеу ісі атқарылып, реставрациялау және сақтау жұмыстары жасалды. Атап айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде желдету шахталары тексеріліп, ескерткіш құрылымдарының беріктігін сақтауға бағытталған ғылыми жұмыстар жүргізілді. Ал Сарайшық қалашығында ғылыми-реставрациялық жұмыстар атқарылып, тарихи жерлеу орындары қайта қалпына келтірілді". Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Алғашқы жартыжылдықта 4 конференция өткізіліп, 4 ғылыми жоба жүзеге асырылды. Сонымен қатар "Есік" және "Берел" музей-қорықтарының қызметкерлері архив қорларын зерделеу мақсатында Түркия, Польша және Қытайда тағылымдамадан өтіп, ғылыми экспедицияларға қатысты.