Журналистер министрден Қазақстанда электромобильдер мен гибридті көліктердің сатылымы қаншалықты көбейгенін сұрады. Сондай-ақ олардың мәліметінше, көрші елдердегі жанармай тапшылығының аясында сол елдердің азаматтары Қазақстаннан мұндай көліктерді жиірек сатып ала бастаған. Осыған байланысты министрліктің пікірін сұрады.
"Бұл – жақсы көрсеткіш. Қазақстанда электромобильдердің сатылымы артатын болса, бұл оң өзгеріс. Биыл елімізде осы бағыттағы бірқатар жоба іске қосылады", – деді Ерсайын Нағаспаев.
Журналистер көрші елдердегі жанармай дағдарысына байланысты олардың азаматтары Қазақстаннан электромобильдер мен гибридті көліктерді сатып алып жатқаны рас па және бұл жағдай бағаның қымбаттауына әсер етпей ме деген сұрақты нақтылады.
"Жоқ, ешқандай әсері болмайды. Баға өспейді. Қазіргі таңда Қазақстанда пайдаланылып жүрген электромобильдердің саны 23 мыңға жетеді", – деді Ерсайын Нағаспаев.
Бұған дейін Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап автокөліктердің "сұр" импортын тежеу күшейтілмек екенін жазғанбыз.